Маңғыстауда ауыр қылмыс саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстауда ауыр қылмыс саны артты. Бұл туралы облыстық прокуратураның жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы есеп беру жиынында айтылды, деп хабарлайды «Қазақпарат» тілшісі.

Маңғыстау облысы прокурорының қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысын қадағалау басқармасының орынбасары Жандарбек Спанның мәлімдеуінше, облыстағы аса ауыр қылмыс саны 2016 жылға қарағанда 5 пайызға артқан.

«Өткен жылы 39 қылмыстық іс тіркелсе, биыл 41-ге жетіп отыр. Сонымен қатар, ауыр қылмыс дерегі бойынша 656 іс тіркелген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4 пайызға көп», - деді ол.

Есесіне, адам өлтіру көрсеткіші биыл 42 пайызға азайып отыр. Былтыр 26 іс тіркелсе, биыл бұл 15-ті көрсетіп отыр. Құзырлы органның өкілдерінің мәлімдеуінше тіркелген қылмыстың бәрі ашылған. Ал жалпы облыс бойынша биыл 4 661 қылмыстық іс тіркеліп, өткен жылғыға қарағанда 20 пайызға азайғандығын көрсеткен.

Рысгүл Рамазанова