Маңғыстауда автомотоспорттан «Қазақстан ралли» жарысы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстауда автомотоспорттан «Қазақстан ралли» жарысы өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де «Africa Eco Race-2016» жарысына қатысқан қазақстандық команда өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Біз жақсы нәтиже көрсетіп, раллидің жеңімпазы болдық. Абсолютті жіктелімде бірінші орын алдық. Жалпы, біз ағымдағы жылы бірқатар ірі халықаралық жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлем кубогы қарсаңында Маңғыстауда жарыс өтеді. Ол «Қазақстан ралли» деп аталады», - деді ҚР Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев.

Сонымен қатар М.Әбіқаев «Africa Eco Race» жарысына қатысқан қазақстандық команданың барлық мүшелері осы жарысқа қатысатындығын атап өтті.

Өз кезегінде «Africa Eco Race» раллиінде абсолютт жіктелімді бірінші орын алған Қанат Шағыров бұл жарыстың осы жылдың 29 мамыры мен 4 маусымы аралығына жоспарланып отырғанын айтты.

«Бұл жарыс әлем кубогы этаптарының біріне кандидат ретінде ұйымдастырылады. Егер осы жылы оны дұрыс ұйымдастырып, еш ескертусіз өткізе алсақ, онда ол келесі жылы әлем кубогы күтізбесіне жарыс кезеңдерінің ретінде енгізілуі мүмкін», - деді ол.