Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, аталған әлеуметтік орталықтың басты мақсаты - тұрғындарға жәрдемақы, жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегіне тұру, бизнес-жобаларды қолдау бойынша құқықтық және консультациялық көмек көрсету.
«Бірыңғай әлеуметтік терезе» орталығы Ақтау қаласы, 35 шағын ауданындағы «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы ғимаратында орналасқан. Онда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, құрылыс, білім беру, кәсіпкерлік және сауда, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары азаматтарға консультациялық көмек көрсетіп, сұрақтарына жауап береді. Ең бастысы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен және мүгедек балалары бар отбасылардың өтініштеріне жедел түрде әрекет етіп, оларға мемлекеттің қолдау шараларын түсіндіру және жәрдемдесу талабы қойылған.
Жауапты мамандар өз жұмысын бастаған бір аптада орталыққа 544 азамат келген. Оның 81-і жұмысқа орналасу, 139-ы баспана, 93-і материалдық көмек, 110-ы жәрдемақы бойынша келген. Сондай-ақ алимент бойынша - 63, соттың шешімі бойынша - 17, квота бойынша - 8, дәрі-дәрмек бойынша 27 адам хабарласқан. Сонымен қатар «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы арқылы барлық заңды және бухгалтерлік сұрақтар бойынша бизнес-жоспарлар, мемлекеттік сатып алулар және жобаларды қолдау мәселелері бойынша бастаушы кәсіпкерлерге кеңес беріліп жатыр.
«Бірыңғай әлеуметтік терезе» орталығының жұмысы 9-дан 18.30-ға дейін, түскі үзіліс 12.30-дан 14 сағатқа дейін жалғасады.
Мекен-жайы: Ақтау қаласы, 35-шағын аудан, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимараты.