Өңірде жұмыс күшіне қажеттілік жоқ. Сондықтан ҚР Үкіметінің шешімімен Маңғыстау облысына визалық мемлекеттерден этникалық қазақтардың көшіп келуіне шектеу қойылды.
Бірақ 17 шілдеден бастап Түрікменстаннан Маңғыстауға 827 қандас көшіп келді. Соның ішіндегі визасында келу өңірі ретінде Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетілген 724 адамның 307-сі аталған аймаққа қоныс аударды. Ал 106 адам жұмыс тобының шешімімен Маңғыстауда қалды.
«Алайда Түрікменстаннан көшіп келген 311 қандас әлі де Маңғыстау облысы аумағында жүр. Десе де олар қазіргі кезде тіркеле алмайды. Тіркелу үішн Солтүстік өңірлерге, яғни визада көрсетілген өңірлерге барулары қажет. Жалпы, визаның мерзімі болады. Сол визада көрсетілген мерзімде олар Қазақстан аумағында тіркелмеген болса, елден шығарылады», - деді Маңғыстау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының орынбасары Досан Жеткізген.
Жалпы 1992 жылдан бастап Маңғыстауға көршілес елдерден 140 мыңға жуық адам қоныс аударған.