Маңғыстау облыстық прокуратурасында браконьерлікпен күресетін уәкілетті органдар жұмысының тиімділігі мәселесі бойынша заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетов браконьерлікпен күреске бағытталған органдардың өзара іс-қимылының жоқтығын айтып, салдарынан қылмыстардың аз ашылатынына назар аударды. Ол саладағы салғырттықты атап өтті.
«2014 жылдан бастап бүгінге дейін браконьерлік фактілері бойынша 151 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа соның тек 17-сі, яғни 11,3% жетті. Қалған 134 қылмыс ашылмады. Сотқа уақтылы жүгінбеу салдарынан 17,3 млн теңгеге бұрын алынған заттай дәлелдемелер (балық және уылдырық) сатылмаған. Алынған балықты уәкілетті емес субьектіге тапсыру және одан әрі өткізу бойынша заңсыздықтар анықталған»,-деді Ержан Тұрмағамбетов.
Заңсыз айналымнан 23,4 тонна балық тәркіленген. Келген залал 1,3 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде бекіре етін заңсыз тасымалдау және сақтау фактілері бойынша 221 іс қозғалып, сотқа 198 қылмыстық іс жіберілді. Қалған 23-іне тергеу мерзімі тоқтатылған.
«Заң бойынша балықтарды мемлекеттік кәсіпорындар ғана сата алады. Осыған қарамастан, облыстық полиция департаменті жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасасқан»,-дейді Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетов.
Отырыста осыған қатысты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, браконьерлікпен күреске бағытталған қызметтің материалдық-техникалық жарақталуы жайында да айтылды.