Маңғыстауда екі көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау өңірінде 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау-Жетібай бағытында жантүршігерлік жол апаты болып, салдарынан бір адам қаза тапты. Қарақия ойпаты маңында түнгі сағат 22.30 шамасында болған жол-көлік оқиғасында Nissan Patrol мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан.

Оқыс оқиға туралы ақпарат Жетібай ауылдық ауруханасына түнгі сағат 22.40 шамасында түскен. Диспетчер хабарламаны ТЖ басқармасына жолдаған. Әзірге апат салдарынан бір адамның қайтыс болғаны белгілі. Марқұмның жеке тұлғасы туралы ақпарат жарияланбады.

Сондай-ақ, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында автокөлік жарылды. Әзірге зардап шеккендер тіркелмеген.

Куәгерлердің айтуынша, Chevrolet Aveo көлігіне орнатылған газ баллоны жарылған.