Маңғыстауда қазақ тілді мектептер мен балабақшалар саны 4-5 есе өсті

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы қазақ тілінде білім беретін мектепке дейінгі мекемелер саны 5 есеге, мектептер 4 есеге көбейген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«1991 жылы Маңғыстау облысында 23 мың 496 бала тәрбиеленетін 113 МДМ, соның ішінде қазақ тілінде білім беретін 35 балалар бақшасының  (7 мың 277 бала) іргесі қаланған. 2016 жылы МДМ саны 244-ке (32 мың 606 бала) дейін жетсе, солардың ішінде 190 ұйым - қазақ тілінде білім береді» (22 мың 530 бала), - деді Маңғыстау облыстық мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру басқармасының басшысы Клара Құлатаева.

Жалпы орта білім беруге байланысты Клара Қашқынбайқызы, 1991 жылы 40 мектепте орыс тілінде білім берілсе, 30-ы қазақ тілінде болғанын тілге тиек етті. Енді 5 мектеп орыс тілді және аралас 17 мектеп қана қалған.

«25 жыл бұрын жалпы білім беретін 70 мектеп, соның ішінде 30-ы - қазақ тілді болды. 2016 жылы облыста 134 күндіз жалпы білім беретін мектеп, соның ішінде 112 - қазақ тілді, 5-уі - орыс тілді және 17 аралас білім беру ошағы жұмыс жасауда», - деді  К. Құлатаева.