Маңғыстауда коронавирус вакцинасын алғандар саны 80 мыңнан асты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда соңғы екі аптада 20 мыңға жуық адам ерікті түрде екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осылайша жыл басынан бері коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 80 мыңнан асқан.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Ақтау қалалық №1 емханасында алғашында бір егу кабинеті болатын.

Бүгінде үш егу пункті жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта оның санын көбейту жоспарда бар. Сондай-ақ, екпе алу қарқыны «Нейрон» емханасында да байқалады.

Өңірде ұжым болып екпе жасатқандар көбейген. Мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, дәмхана, коммуналдық қызмет жұмысшылары халықты вакцина алуға шақырып, бейнеүндеу жолдауда.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жұмысы белсенді жүріп жатыр. Облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есе артқан.

Екпе салуға 547 медицина қызметкері аттестациядан өткізіліп, дайындалды.

Облысқа 221250 доза вакцина жеткізілді, оның ішінде:

ресейлік Sputnik V: I компонент - 96 150 доза, II компоненттен - 66 600 доза

QazVac – 7000 доза

Hayat Vax – 31500 доза

CoronaVac - 20 000.

Маңғыстау облысында вакцинаның бірінші компонентін алғандар саны - 80 119, ал екінші компонент 41 396 адамға егілген.

Облыста КВИ-ге қарсы вакцинацияға арналған 38 екпе кабинеті, 14 жылжымалы бригада жұмыс жасайды.

Атап айтқанда Ақтау қаласында – 17, Жаңаөзен шаһарында – 6, Бейнеу ауданында - 4, Қарақия ауданында - 2, Маңғыстау ауданында - 1, Мұнайлы ауданында - 3, Түпқараған ауданында – 5.

Облыс бойынша вакцина сақтайтын 25 мұздатқыш, 15 термоконтейнер бар.

Денсаулық сақтау нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда тұрғындарға 630 инфекциялық және 60 реанимациялық төсек-орындық 10 стационар қызмет көрсетуде.

Аталмыш стационарларда қазіргі уақытта 377 адам ем қабылдап жатыр.

Жалпы төсек-орынның толымдылығы – 60 %, реанимациялық төсек - 35 адам немесе 58,3%.

Биыл 5-12 шілде аралығында 355 адам ем қабылдап, жазылып шықты.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде 95 мобильдік бригада, 53 жедел жәрдем бригадасы бар.

Облыстағы жедел жәрдем автопаркі 100% жаңарды. Медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтылды.