Маңғыстауда құдықшыларға арналған архитектуралық мүсін бой көтерді

Фото: Өңірлік коммуникация орталығы
АҚТАУ.ҚазАқпарат - Ақтауда Каспий теңізі жағалауына «Құдықшылар» атты архитектуралық мүсін қойылып, ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құдықшылар - Маңғыстау тарихында ерекше орын алады, себебі облыс - өзен-көлсіз, шөлейтті өңір. Ерте замандарда мұндағы ауыз судың бірден-бір көзі құдықтар болған. Өңірде құдық қазу қабілеті мен білімі атадан-балаға беріліп, ұрпақтар сабақтастығы үзілмей жалғасып келген. Бабалар судың қадірін терең түсінген, өйткені оны алудың қандай қиын және ауыр еңбек екенін білген.

Туынды идеясының авторы әрі жасаушысы - жергілікті мүсінші Болатбек Салаев. Ол еліміздегі көптеген ескерткіштер мен мүсіндерді сомдаған. Оның жұмысы көрермендер тарапынан әрдайым үлкен қызығушылық пен жақсы пікірге ие.

«Құдықшылар» мүсінін дайындау процесі екі айға созылған. Өнер туындысының жалпы биіктігі - 4,5 метр.


«Бүгін біз Маңғыстаудағы құдық қазушылардың құрметіне арналған «құдықшылар» мүсінінің ашылу сәтінің куәсі болып отырмыз. Маңғыстау жері ежелден өзінің құрғақ және қатал ауа-райымен ерекшеленеді. Біздің ата – бабаларымыздың осы аймаққа бейімделуінде және одан кейінгі көшпелі өмірінде құдықшылардың рөлі ерекше. Себебі технология дамымаған заманда, тасты жерді ойып, тұшы су көздерін табу және құдық қазу таңданыс сезімін тудырады. Бүгінде біздің облыста құдық қазушылардың тікелей ұрпақтары тұрады, олар Ақтау қаласында ата-бабасының құрметіне мүсін орнатылғанына риза. Облыс тұрғындары үшін бұл мүсін ұрпақтар арасындағы байланысты және жалпы өңір үшін судың құндылығын бейнелейтін туынды», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысындағы тұшы су мәселесі ғасырлар бойы қалыптасқан аймақтың климаттық және табиғи ерекшеліктеріне байланысты. Бүгінгі күнге дейін ауыз су тапшылығы, өңірдің әлеуметтік өмірі мен экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Бұл ерекшелік облыстың салт-дәстүрі мен мәдениетінде де көрініс тапқан. Мәселен, құдықшының бейнесі қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінде көрінеді.


«Өнер-қоғам үшін өзекті әрі маңызды тақырыптарды тілсіз жеткізу тәсілі. Біз «құдықшылар» архитектуралық мүсінін аймақтағы ең көне және ардақты мамандықтардың бірі – құдық қазушыларға құрмет ретінде орнаттық. Бұл мүсіннің тағы бір маңызды тұсы-бұл үш фигурада көрсетілген уақыт аралығындағы ұрпақтар сабақтастығы. Аталған ескерткіштің мәні жаңа өмір және Маңғыстаудағы ауыз су тапшылығымен жалғасып жатқан күрестің символы іспеттес. Біз Ақтау қаласының маңында жаңа сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желілерін іске қосу арқылы ауыз су тапшылығы сияқты мәселені шешу жолында өз үлесімізді қостық. Осылайша, мүсіннің ашылуы біздің компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге көмек көрсету жөніндегі бірқатар бастамаларын жалғастырып жатыр, - деді жобаға қолдаған «Freedom Holding Corp» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Тұрлов.