Маңғыстауда құтырмамен ауырған малдың иелеріне өтемақы төленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында малынан құтырма ауруы анықталған шаруалардың шығыны республикалық бюджеттің есебінен өтеледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бүгінгі күнгі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып өтсем. Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы 1-2 ауланың түйе мен жылқысы құтырма індетімен тіркелді. Оның диагнозы нақтылы лабораториялық зерттеулермен қойылды. Тексеру кезінде бұл малдардың арасынан энтеротоксемия індеті де анықталды», - деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі күні Маңғыстау өңірінде комитет өкілдері және «Қазақ ветеринарлық институтының» өкілдері бар арнайы топ жұмыс жүргізіп жатыр.

«Бұл мәселеге байланысты ауыл мен аудан әкімінің шешімі шығарылып, оны жою шаралары жүргізілуде. Арнайы вакцина қордан бөлінді. Дезинфекция шаралары жасалуда. Бұл аурудың диагнозы анықталған малдардың шығыны мал иесіне республикалық бюджеттен толықтай төленіп беріледі», - деп түйді Тұрсын Қабдолданов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысында жануардың құтыру ауруы бойынша 5 дерек анықталғаны хабарланған болатын.

Бұдан кейін тағы өңірде тағы 14 жануардың құтыру дерегі тіркелді. Төрт түлік малдың ішінде түйе, жылқы, сиыр осы індетке шалдыққан.