Маңғыстауда магистральды мұнай-газ құбырын заңсыз пайдаланып 147 млрд. теңге пайда көрген компаниялар анықталды

АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Маңғыстау облысында «Қазполмұнайгаз» және «Толқынмұнайгаз» компанияларының басшылары 2002-2008 жылдары магистральдық мұнай-газ құбырын заңсыз пайдалануының негізінде 147 млрд. теңге пайда көріп келген.

Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш компаниялар Маңғыстау облысында Бейнеу ауданында Боранкөл және Толқын кенішінде көмірсутекті шикізатты барлау және өндіруді жүзеге асырған. «Тергеу барысында «Қазполмұнайгаз» және «Толқынмұнайгаз» компанияларының басшылары лицензиясыз жұмыс жасап, 2002-2008 жылдары магистральды мұнай-газ құбырын заңсыз пайдалануының негізінде 147 млрд. теңгеден астам заңсыз пайда көріп келгендігі анықталды. Бұл қаражат сот үкімімен мемлекетке қайтарылуы тиіс. Ағымдағы жылы сәуірдің 27-сінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыппен «Қазполмұнайгаз» ЖШС бас директоры, Молдова Республикасының азаматы тұтқындалды. Оның үш сыбайласына халықаралық іздеу жарияланды», дейді М.Жұманбай.