Ауылшаруашылық саласының тоғыз айын қорытындылап, алқалы жиын өткізген облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақта атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, кәсіпкерлермен кездесті. Мал шаруашылығын өткен жылмен салыстырғанданда өңірде өсім бар, яғни мал басы 12,5 пайызға артқан.
Мәселен, мал саны былтыр (2016ж.) 482 713 бас болса, биыл (2017ж.) 537 247 басқа жеткен. Көш басында Маңғыстау мен Бейнеу аудандары тұр.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы - сапалы да мол өнім өндірудің көзі. Қазіргі күні Маңғыстау облысы бойынша 36 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі тіркелген. Дәл осы саладағы тауарөндірушілерді мемлекеттік қолдау аясында мал өнімділігін арттыруға облыс бойынша 260 млн. теңге субсидия қаржысы бөлінген. Мал шаруашылығымен айналысам деген азаматтарға жан жақты қолдау көрсетілуде.
Сондай-ақ ол Біріккен Араб Әмірлігінен жылына 2,5 млн бас қойға сұраныс барын айтты. Бұл облыстың экспорттық әлеуетімізді арттыруға жол ашатын болады. Сондықтан әкім барлық шопандарды қойды көп өсіруге шақырды. Осы ретте шопан көмекшілеріне ай сайын тұрақты жалақы беріліп тұратынын мәлімдеді.
Аянбай тер төгіп, еңбек етсең, жер ананың да жерге қаратпайтыны анық. Яғни, берекесі мол кәсіптің бірі егін шарушылығы. Бүгінде облыс бойынша егістікпен айналысатын 120 шаруашылық және 13593үй шаруашылықтары бар.
Биылғы егін алқабының көлемі 1100 га (2016ж. 941 га). Сонымен қатар 27 жылыжай кешіні жұмыс жасап тұр. Бұл салада да мемлекет тарапынан 181 млн. теңге субсидия бөлінген. Алдағы уақытта аймақтағы жылыжайлар мен ұңғымалардың санын арттырып, жаппай тамшылап суару технологиясына өту керектігі айтылды. Жиын соңында облыс әкімі бұл көрсеткіштермен тоқмейілсуге болмайтынын, егін және ауылшаруашылық саласында өнім өндіретін кәсіпорындарға өндіріс көлемін көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттің жеңілдіктерін пайдалана отырып, жаңа кәсіпорындар ашу керектігін атап өтті.