Маңғыстауда медицина мамандарына сұраныс жоғары

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы бойынша халыққа медициналық қызметті 2 009 дәрігер, 5 636 медбике көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде кадр тапшылығы мәселесі бар. Оны шешу мақсатында Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйым басшылары Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы медициналық университеттерге барып, түлектерді өңірге шақыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осылайша, кадр тапшылығын 17-20% - ға азайту жоспарланған. Сондай-ақ өткен жылы 107 дәрігер жұмысқа орналастырылған. Ауылдық жерлерге 21 жас маман жіберілген. Олар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, көтерме ақы төленген.

Мереке қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді кәсіби мерекеңіз – медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дәрігер – жер бетіндегі ең асыл мамандық! Осы айтулы күні денсаулық сақтау саласына жауапты мамандарға, барлық дәрігер мен медбикелерге, сондай-ақ техникалық қызметкерлерге алғысым мен ризашылығымды білдіргім келеді. Өз өмірін қатерге тігу арқылы халықтың денсаулығын сақтайтын ақ халаттылар құрметке лайық. Мемлекет башысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін біз материалдық-техникалық жабдықтармен, препараттармен, қажетті құралдармен қамтамасыз етеміз және бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Себебі басты басымдық – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі. Өңірде жылдан-жылға әлеуметтік маңызы бар аурулардың көрсеткіштерін төмендету бойынша тұрақты оң динамика қалыптасуда. Бұл ретте денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады. Облыстық бюджет есебінен осы бағытта 352 бірлік медициналық техника сатып алынса, оның 12-сі күрделі медициналық техника. Қазір оларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құрметті медицина қызметкерлері, осы айтулы күні баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасылық бақыт пен амандық тілеймін!» - деді ол.

Айта кету керек, өткен жылы өңірде халықтың табиғи өсімі артқан. Облыста 2023 жылдың 5 айында 8 мыңнан астам бала дүниеге келген. Сонымен қатар облыстық аурухана дәрігерлерінің жұмысына соңғы технологиядағы жабдықтарды енгізу жұмысы жалғасып жатыр.

Шетелде дәрігерлердің біліктілігін жыл сайын арттыру, көшпелі шеберлік сыныптарын өткізу және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу үшін жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінген. Облыстағы медициналық қызмет көрсететін орталықтар 93%-ға дейін материалдық техникалық базамен қамтамасыз етілген.