Маңғыстауда мектеп есепшісі 76 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында прокурорлар облыс орталығының жалпы білім беретін мектептерінің бірінде есепші 76 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Штаттық кесте мен банктік шоттарды салыстыру барысында 3 жыл бойы өзіне артық соманы есептеген мектептің бас бухгалтерінің тиісті және іс-жүзінде төленген жалақысының арасындағы айырмашылық анықталды.

Аталған факті бойынша прокурорлар қылмыстық іс қозғап, тергеу ЭТД-не тапсырылды.

Тергеу барысында аталған мектептің есепшісі кінәсін толықтай мойындады.

Сот үкімімен кінәлі адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету) бойынша 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.