Зауыт өнімдері еліміздегі мұнай кеніштерін толық қамтып отыр. Толықтай шетелдік теxнологиялармен жабдықталған. Шетелдік инвесторлар жаңа теxнологияларды іске қосуға 5 млн. қаражат құйған. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аймаққа сапары барысында аталған кәсіпорынның технологиялық үдерісімен және жаңа өндірістік әрі сервистік мүмкіндіктерімен танысты.
Цехта сапасы халықаралық талаптарға сай жылына 1000 дана мұнай сораптары дайындалады. Мұнай өндіру саласында қолданылатын отандық тауар - сорғылар енді Еуропа нарығына шықпақ.
«Жаңа технологиялар түгел автоматтандырылған. Қондырғылар су жаңа. Шлюмберже «Цифрлық кен орны», «I-invoicing», «Шот ұсыну» жобалары бойынша «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, КНОС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевройл» ЖШС секілді мұнай өндіруші кәсіпорындарға қызметтер ұсынумен айналысады. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, мұнай құрылғыларына жөндеу жұмыстарын да жүргізудеміз. Бұл Әзербайжан еліне кетеді. Сонымен қатар, үлкен тапсырыс берген компаниялар бар», - дейді бас директор Мухамед Разиев.
Өнімдер ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, Каспий аймағы мен таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар, кәсіпорында бөлшектерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.