Маңғыстауда Өзен кен орнын оңалту мәселелері талқыланды

Маңғыстау облысында Өзен кен орнын оңалту мәселелеріне арналған жиын өтті. Шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры Бақытжан Хасанов, мұнай-газ саласының ардагерлері, геологтар, қоғам қайраткерлері және Жаңаөзен қаласының депутаттары қатысты.

Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйегінде өткен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына мұнай кен орындарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланысты өңірде геологиялық-барлау жұмыстарының жеке жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жоспарының тұжырымдамасы әзірленді. Кен орындарын оңалту шаралары мұнай өндіру деңгейін кезең-кезеңімен бірнеше жылда 6-6,5 млн тоннаға жеткізіп, осы көрсеткішті алдағы 10 жыл бойы сақтап тұруға мүмкіндік береді деп күтіледі.

«Әзірленіп жатқан жоспар Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге де елеулі үлес қосады. Бүгінде «Өзенмұнайгаз» мұнай өндіру көрсеткіштерін толық орындай алмай отыр. Техникалық және геологиялық мәселелерге байланысты мұнай өндіру көлемін бірқалыпты деңгейде ұстап тұру қиынға соғуда», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, жыл сайынғы күрделі салымдардың деңгейіне қарамастан, ӨМГ кен орындарында мұнай өндіру көлемі азайып барады. Бұның салдарынан компанияның кірісі де төмендеп, қазіргі қызметкерлер санын сақтап қалуға және оларға еңбекақы төлеу бойынша әлеуметтік міндеттемелерді орындау да қиынға соғуы мүмкін. М.Мырзағалиев «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай өндіру рентабельдігінің шегіне 2024 жылы келетінін баса айтты.

Жұмыс сапары Ақтауда жалғасты. Мұнда Маңғыстау облысының кәсіподақ басшыларымен кездесу өтті. Жиында еңбек ұжымдарындағы қордалы мәселелер, соның ішінде еңбекақы және электр энергиясының кеніштерде жиі өшірілуі талқыланды. ҚМГ Басқарма төрағасы Жаңаөзен қаласын дамытуға бағытталған жобаларға бөлек тоқталды. Атап айтсақ, «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын қайта құру, Кендірліде су тұщыту зауытын және Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу жұмыстары кезекте тұр.

Жаңаөзен қаласына әлеуметтік қолдау көрсету аясында компания екі спорт кешенінің құрылысын аяқтап қалды, Оқушылар сарайы жобасы бойынша жұмыстар басталып, 16 спорт алаңын салу шешімі қабылданды.