Маңғыстауда сервистік компанияға 53 млн теңге айыппұл салынды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облыстық прокуратурасы  «ӨзенМұнайСервис» компаниясына қалдықтарды межеден тыс шығарғаны үшін және эмиссияға рұқсат қағазының болмауына байланысты 53 миллион теңге айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық прокуратураның аппарат басшысы Қуанышбек Ақмұрзаевтың мәліметінше, облыстық экология департаменті биылғы жылдың мамырында тексеріс барысында «ӨзенМұнайСервис» ЖШС тарапынан заң талаптарының бұзылғанын анықтаған. Департаменттің есебі бойынша, ауаға келген зиян 53 млн теңгені құраған. Тексеріс нәтижесінде мекемеге  айыппұл салынады.

Мұндай шешіммен келіспеген компания сотқа жүгінеді. Нәтижесінде Маңғыстау облыстық мамандандырылған экономикалық соты мекеме тарапының арызын қанағаттандырған. Бұдан соң, облыстық прокуратура ҚР Бас прокуратурасына касациялық өтінішпен арызданады. Сот отырысында экологтардың арызы қанағаттандырылып, мекемеге айыппұл салынды.