Маңғыстауда үйді тонап, иесін өртеп кеткен қылмыскер сотталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда үй иесін пышақтап өлтіріп, өртеп кеткен ұрыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

МО қылмыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ұры терезені сындыру арқылы кірген. Ол дереу  бағалы заттар мен ақша іздей бастайды. Үй иесі шудан оянып кетеді. Әйел адамды көрген баукеспе дереу шап беріп, бірнеше жеріне пышақ сұққан. Әрі қарай тапқан 100 мың теңге ақшасын алып, үйді өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Сотталушыға қатысты ҚР қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша іс қозғалған. Атап айтсақ, 99-бап - Адам өлтiру; 188-бап - Ұрлық; 287-бап - қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру.

Қылмыскерге 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты.