Маңғыстауда үйлерін су басқандарға көмек көрсетіліп жатыр (ФОТО)

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Таяу күндері Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында ауа райы жауын-шашынды болатынын ескерткен «Қазгидромет» болжамына байланысты аталған аудандағы бұған дейінгі нөсер жауынның салдарын жою жөніндегі жедел штаб Атамекен селолық округінің көшелері мен аулаларын судан құрғату бойынша бірқатар алдын алу шараларын қолға алды.

«Жауын суы жиналатын учаскелер айқындалды. Арнайы техникамен бригада суды айдау жұмыстарына кірісті. Штаб мүшелері арықтар мен арналардың өтімділігін тексеріп жатыр. Бүгін көше тазалау жұмыстары жалғасты. Үйілген лай, батпақ тазартылып, жолға құм қоспасы төселеді», - деп хабарлады аудан әкімі Н. Тәжібаев.
Мұнайлы ауданында қазір 176 адам жұмыс істеп жатыр. Олар облыстың ТЖД, Мұнайлы ауданының әкімдігі, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, №7, №12 орта мектептердің, «Қазақстан темір жолы», «Маңғыстау жылу» және «Маңғыстау энерго» коммуналдық қызмет жұмысшылары. 42 бірлік арнайы техника, 11 мотопомп тартылды. Бір уақытта Басқұдық ауылдық округі мен Баянды кентінде арнайы техникамен бригада жұмыс жүргізуде.
«Атамекен ауылындағы №7 мектептің спорт залында су басуы мүмкін аймақ тұрғындары үшін кереуеттер қойылып, ыстық тағам ұйымдастырылды. Маңғыстау ауылында үйлері тұруға жарамай қалғандар үшін жатақхана дайындалды. Бұдан басқа, Маңғыстау облысы бойынша ТЖД-дан екі жылжымалы пункт келді. Тәулік бойы Call-орталық жұмыс істейді. 34-00-65 нөмірі бойынша тұрғындар су басу жағдайы туралы хабарлай алады», - деді Тәжібаев.
Жедел штаб ақпаратына сәйкес, 14 наурызда 150 текше метр құм, 20 текше метр қиыршық тас қосымша әкелінді. Атамекен ауылының көшелеріне 200 текше метр құм қоспасы төселді.
43 мың текше метр су айдалды. Су жіберу үшін 750 метр арна қазылды.
20 үйдің ауласынан 650 метр жер қазылды. Аула судан тазартылып, құмдар төселді. Штаб деректеріне сүйенсек, ауданда барлығы 12 үй су астында қалды.