Маңғыстауда вагон тексеруші пойыз апатының алдын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғышлақ станциясында вагон қараушы Берік Дүйсембаев пойызды техникалық тексеру кезінде пойыз қозғалысына аса қауіпті вагон құрамының жолдан шығып кетуіне себеп болатын  ақауды анықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Теміржолшылардың хабарлауынша, тіркемесінің бүйір жақтаушасында жарықшақ пайда болған вагон жедел түрде, жылжымалы құрамнан  ажыратылып,  жөндеуге қойылды.

Маңғыстау вагон пайдалану депосының бастығы Сәрсенбай Есенқұловтың айтуынша, вагон қараушы Б. Дүйсембаев өзінің міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарады.

С. Есенқұлов Б. Дүйсембаевтың вагон қараушы болып он жылдан бері қызмет етіп келе жатқандығын айтады. Бұл оның вагон ақауын тауып анықтап отырғаны бірінші рет емес. Вагон қараушы бұған дейін теміржол қауіпсіздігін сақтау қорының сыйлығына ие болған.