Маңғыстауда вакцинация бойынша түсіндіру жұмысы қалай жүріп жатыр

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Эпидемиолог Марал Қадыр Маңғыстауда вакцинация бойынша қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Baq.kz ресурсына сілтеме жасап.

«Сәуірден бастап 70 шақты мекемеге жеке өзім барып, кездесу өткіздім. Ол кездесулерге 3 мыңнан астам адам қатысты. Халықтың көкейінде сұрақ көп. Қызығушылық өте жоғары. Бүгінде «Қаражанбас» мұнай-кен орнында кездесу өткіздім. Шараға онлайн форматта мекеменің барлық филиалы мен бас кеңселері де қатысты. Қызметкерлердің сұрақтары баршылық», - деді ол.

Маман вакцинация бойынша барлық сұраққа жауап бергенін айтты.

«Тұрғындар арасында «вакцина алғаннан кейін бедеу болып қалады», «одан кейінгі әсер күрделі болуы мүмкін», «ол көмектеспейді» деген сияқты қате пікірлер бар. Біз олардың барлығын сейілтіп, сұрақтарға жауап бердік», - деді ол.

Маманның айтуынша, осындай түсіндіру жұмыстарынан кейін адамдардың вакцинацияға деген көзқарасы өзгереді.

Марал Қадыр - Маңғыстау өңіріндегі иммуно-профилактика бойынша ДДСҰ-ның арнайы оқытуынан өткен жалғыз маман.

Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстаннан 4 маманды оқытқан.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында бір тәулікте 4 адам коронавирустан қайтыс болған.

Ақтауда 63 адам індет жұқтырса, Мұнайлы ауданында - 32, Маңғыстау ауданында - 3, Түпқараған ауданында - 9, Қарақия ауданында - 14, Жаңаөзенде 20 адам індет жұқтырған.

Науқастардың ішінде 84 адамда симптомы бар, 57-сінде симптомсыз індет анықталған.

Ал облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есе артқан.