Маңғыстауда Wi-Fi мен бейнекамерасы бар жаңа автобустар пайдалануға берілді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда ұлттық мереке қарсаңында Wi-Fi мен бейнекамерасы, GPS, ауа баптағыштары бар жаңа 16 автобус пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміз тәуелсіздік алған соң құрылған тұңғыш аудан – Мұнайлы ауданы тұрғындары үшін бүгін үлкен мереке деп есептеймін. Аудан мен Ақтау қаласын жалғап тұрған негізгі әрі жалғыз №105 маршрут автобустары 100% жаңарды. Қоғамдық көліктің бұл моделі Қазақстанда шығарылған. Мұндай әсем әрі заманауи автобустар алғаш ретАқтау қаласы мен Мұнайлы ауданына беріліп жатыр«, - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров.

Жаңа автобустардағы жолаушылар сыйымдылығы - 78 орын. «Yutong ZK 6116HG» маркалы әр автобусқа 5 бейнебақылау камерасы, GPS, ауа баптағыштар орнатылған. Қоғамдық көліктегі бейнебақылау камералары тікелей Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.


Сонымен қатар, автобуста мүгедектігі бар жандарға арналған орын, онлайн төлем қабылдау терминалдары, телефон қуаттағыш және Wi-Fi бар. Автобустар - толықтай отандық өнім.

Автобустар «Каспий» ӘКК» АҚ-ның «Ақтау қаласы мен Маңғыстау өңірінің автобус паркін жаңарту» жобасы аясында 7 жыл мерзімге лизинг шартымен сатып алынды. Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд теңге.

Айта кетсек, маусым айында осы жоба аясында 12 автобус Ақтау қаласындағы №2 маршрутты жаңалау үшін қолданысқа берілген болатын.