Бұл мәселе Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеевтің төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласының әкімдігі 2016 жылы аукционсыз 18 жер учаскесін үлестірген. Бейнеу әкімдігі 2017 жылы - 31, Құрық ауылының әкімдігі - 3, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының және Форт-Шевченко қаласының әкімдіктері 2016 және 2017 жылдар аралығында 295 жер телімін заңсыз таратқан.
ҚР Жер кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелеріне құқықты беру сауда-саттық арқылы (конкурста, аукционда) жүзеге асырылады.
Алайда, аталған талаптар өрескел бұзылып, әкімдіктер жер учаскелерін аукционсыз табыстап келген.
«Сондай-ақ қала әкімдігінің қызметінде жер комиссиясының жарамсыз қорытындыларының негізінде кем дегенде 6 қаулы шығарылғандығы анықталды. 2018 жылдың 4 мамырында ҚР Жер кодексінде тиісті өзгерістер енгізілген болатын. Яғни, жерге қатысты оң қорытынды 1 жылға ғана жарамды екендігі бекітілген болатын. Істерді іріктеу, тексеру кезінде жергілікті атқарушы орган Жер кодексінде бекітілген рәсімдерді өткізу мерзімдерін жаппай бұзып келгені анықталды. Бұл - сатып алу, сату шарттарының уақытылы жасалмауы, бас тарту сипатындағы шешімдердің уақытылы шығарылмауы және тағы да басқа заң бұзушылықтар»,- дейді Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Файзулла Жаңабаев.
Нәтижесінде басқарма сот органдарына талап-арыздар берді. Қазіргі таңда әкімдіктер заңсыз үлестірген жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылуда.
Мәселен, Маңғыстау ауданының әкімдігі шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін жалдау құқығымен 37 жер телімін заңсыз берген. Яғни, конкурсты өткізу тәртібі сақталмаған.
Сонымен қатар, Мұнайлы ауданының әкімдіктері жер учаскелерін табыстау туралы шешімдерді қабылдау кезінде заңбұзушылықтарға жол берген. Атап айтқанда, бас жоспарлардың сақталуы қамтамасыз етілмеген.
Қазіргі уақытта, жалпы аумағы 1,53 га құрайтын 10 шешімнің күші жойылып, жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Заңсыз қабылданған шешімдердің күшін жою жұмыстары жүргізілуде.
«Өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берген Мұнайлы, Маңғыстау аудандарының сәулет және қала құрылысы саласына жауапты әкім орынбасарларын, ауыл әкімдерін жауапкершілікке тарту жөнінде және қызметінен босату туралы мәселені көтеріп, қолданылған шаралар бойынша маған 20 ақпанға дейін ақпарат беруді тапсырамын»,-деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев.
Отырыс нәтижесі бойынша, жіберліген кемшіліктер үшін, Мұнайлы және Маңғыстау аудандарының жер саласына жауапты аудан әкімдері орынбасарларының қызметіне сәйкестігін анықтау жөнінде аудандар әкіміне ұсыныс енгізілді.