Маңғыстауда жағаға шығып қалған кішкентай итбалық Каспий теңізіне жіберілді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жағаға шығып қалған кішкентай итбалық Каспий теңізіндегі Құлалы аралына жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген боздақ (итбалықтың баласы) наурыз айының соңында ауыр халде табылған болатын.

Ол Ақтау қаласындағы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығындағы мамандардың қарауында болды. Орталыққа түскен кезде әлсіз, салмағы 4,4 келі ғана болса, қазір 7 келіге дейін жетті.