Маңғыстауда жаңа оқу жылында 6 мектеп пайдалануға беріледі

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Оның үшеуі - аудандарда. Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия аудандарында осы оқу жылында 3 мектеп қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.

Биыл қыркүйек айында Мұнайлы ауданы Батыр елді мекенінен 960 орындық және Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылынан 600 орындық мектеп, Қарақия ауданындағы Жетібай ауылынан 300 орындық мектеп ашылады.

«Жаңа оқу жылында облыста 141 мектепке - 160 630 оқушы, оның ішінде 1 сыныпқа 19 900 оқушы келеді. Биыл қыркүйек айында 6 (3 мемлекеттік, 3 жекеменшік) мектептің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар жыл соңына дейін Ақтау қаласының 34-шағынауданында жаңа мектеп іске қосылады деп жоспарланған» деп атап өтті басқарма басшысы.

Биылдан бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау EGOV.KZ электрондық үкіметтің веб-порталында жүріп жатыр.

Бүгінде 1-сыныпқа 12 мыңнан аса өтініш түсті.

Өтініш қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады.