Маңғыстауда жылына 143 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы салынады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақпан айында «Маңғыстау құс» ЖШС Мұнайлы ауданында құны 5 млрд теңгені құрайтын жұмыртқа өндіретін зауыттың құрылысын бастамақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Сырымұлы мәлімдеді.

Жалпы, Маңғыстауда 2020 жылы 5,2 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылмақ.

Құны 5,2 млрд теңгені құрайтын жоба бір жылда 143 миллион дана жұмыртқа шығарады деп жоспарлануда. Фабрика келер жылдың аяғында жұмысын бастайды деп болжанып отыр.

Бұдан бөлек, «Ақтау Агро» ЖШС-ның Түпқараған ауданының 43 км аймағынан 120 адамды жұмыспен қамтитын құс фабрикасы ашылады деп жоспарлануда. Құны 4 млрд. теңгені құрайтын жобадан жылына 5 мың тонна өнім алынбақ. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, иран, түрік, қытай елінен әкелінген құрал-жабдықтарын орналастыру жұмыстары жүргізілуде. 4 шағын зауыттан тұратын құс фабрикасына мемлекет тарапынан инфроқұрылым жасалған. Ал, аталған құс фабрикасына Мұнайлы ауданынан іске қосылатын түйіршіктелген құрама жем өндіру фабрикасы өнім дайындайтын болады.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы секторында 20, 4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, саланың нақты көлем индексінің 105,6 пайызын құрады. Бүгінгі таңда облысымызда мал шаруашылығында 1444 шаруа қожалық жұмыс істейді. 2019 жылы 37 бригада арқылы 55,0 мың тонна шөп дайындалған. 2014 жылдан бері облыс бойынша шаруа қожалықтарына 300 құдық қазылған. Бүгінде ірі-қара мал бас саны көбейіп келеді. Оған дәлел, облысқа былтыр республика қаржысынан бөлінген 6 пайызбен берілген 1 млрд. 530 млн. теңге 100 пайыз игерілген»,-деді Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.