Маңғыстаудағы абақтыдан қылмыскерлердің қашу әрекетіне қатысты қылмыстық іс аяқталды

АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратураның қаулысымен арнайы құрылған тергеу тобы Маңғыстау облысының қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінен қылмыскерлердің қарулы шабуыл арқылы қашу әрекеті бойынша қылмыстық істі аяқтады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өміралиев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы саны 21 адамнан тұратын қылмыстық топ қатаң тәртіптегі қылмыстық жазасын өтеп жатып, алдын ала ауыз жаласып, маусымның 22-сі күні қару қолдана отырып, мекемеден қашып шықты. «Аталмыш тергеу тобы қылмыскерлер қашқан мекеменің бастығы М.Жаңахметов, оның орынбасары Ш.Халменов, Жедел бөлім бастығы Т.Ысқақов, Колония бастығының кезекші көмекшісі М.Нұрсейітовке қатысты да қозғалған қылмыстық істерді аяқтады. Қылмыскерлер аталған азаматтардың өз міндеттеріне деген немқұрайлылығы салдарынан қашуға мүмкіндік алған. Осыған байланысты М.Жаңахметов пен Ш.Халменовке «қызмет бабын теріс әрекеттерге пайдаланып, оның соңы қайғылы жағдайға душар етті» деген айып тағылды. Аталған істердің барлығы Ақтау қалалық сотына жіберілді», - деді ресми өкіл.