«Rakhim baby» тігін цехы 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның барлығы да ақшұқырлық жұмыссыз жандар. Оларды арнайы курстар мен оқудан өткізіп, шеберлігін шыңдаған Майра бүгінде тапсырысты Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларынан алып отырғанын айтады.
Майра Бақытжан үлкен цех ашуды көптен бері жоспарлап жүріпті. Осыдан бірнеше жыл бұрын 2 тігіншіні жұмысқа алып, шағын ғана бөлмеде тапсырыс қабылдап келген. Қолынан шыққан дүниесі халыққа ұнап, міне, жеке тігін цехін да ашты. Қазір шеберханада 30-ға жуық қажетті техника бар. Оның 25-і тігін машинасы.
«Барлығына біздің тіккен өнімдеріміз ұнап жатыр. Қазір дайын киімдерді басқа облыстарға жіберуді жоспарлап отырмыз. Бізге қазірдің өзінде Атыраудан, Ақтөбеден, Алматыдан және елордадан тапсырыстар түсуде,-дейді цех иесі Майра Бақытжан.
Шеберханада жаңа туған нәреседен бастап 1 жасқа дейінгі балаларға арналған жаялықтар, жейделер, шұлықтар, бесік жасауы мен басқа да сәбиге қажетті бұйымдар тігіледі.
Кәсіпкер өнімге қажетті мақта-матаны Түркия елінен алдыртады екен. Цехтағы мамандар да өз істерін жетік меңгерген. Солардың бірі - Бөпежан Әлтекова.
«Өзімнің сүйікті мамандығым бойынша қызмет етудемін. Осы жерде цех ашылып жатыр деген соң келгенбіз. Мен бұрын ұлттық киім тігетін цехтарда жұмыс жасағанмын. Ақшұқыр аулының көпшілігі жастар»,-дейді Бөпежан Әлтекова.
Айта кетсек, жұмысын енді бастаған тігін цехында 15 тігінші бар. Олардың тең жартысы мемлекеттік бағдарлама аясында білім алғандар.