Маңғыстаудағы демалыс орындарының бірінде 5 жасар бала суға кетті
01:53, 30 Маусым 2018
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Кендірлі демалыс аймағының бірінде 5 жасар бала бассейндегі суға батып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік Төтенше жағдайлар департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Бастапқы болжам бойынша бала сол уақытта ата-анасының қарауынсыз қалған.
Құтқарушылар суға түсу кезінде абай болып, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтап, тыйым салынған аумақта суға шомылмауға кеңес береді. Әсіресе, кішкентай баланы су қоймасы жанында қараусыз қалдырмауды ескертеді. Себебі, 12 жасқа дейінгі бүлдірішіндерге теңізге немесе бассейнге өз бетінше түсуге болмайды.
Еске сала кетейік, осыған дейін 27 жастағы қала тұрғыны теңізге батып кеткен еді.