Маңғыстаудан алғаш рет «Еуропа-Қытай» транзиттік жүк пойызы жөнелтілді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстауда алғаш рет «Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығы шеңберінде Түркиядан шыққан жүк Маңғыстаудан Қытайға пойызбен жөнелтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты рәсімге Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Қараисмайлоғлу мен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов қатысты.

Енді Еуропадан Азияға теміржол арқылы жүк тасымалдаудың жолы ашылып отыр. Халық тұтынатын тауарлар бар 42 контейнер тиелген құрамның жүру маршрутының жалпы ұзақтығы 8693 шақырымды (2 құрлық, 2 теңіз және бес ел) құрайды. Жүктің жалпы жүру уақыты - 12 тәулік. Жеткізу орны - Шанхай қаласы.

Жүк пойызы Ыстанбұл теміржол станциясынан жолға шықты. Жерасты туннелі арқылы Босфор бұғазын кесіп өтіп, Анкараға, бұдан соң Карс-Тбилиси-Бакудың жаңа көлік дәлізімен пойыз Баку портына жетті.

12 желтоқсанда «Бекет Ата» Қазтеңізкөлікфлоты фидерлік кемесімен Каспий теңізі арқылы жүк Ақтау портына жеткізілді.

Жүк құрамы Қазақстан аумағы бойынша 3200 шақырым темір жолмен жүріп өтеді. Бұдан әрі Сиань арқылы Шанхайға жеткізілмек.

Аталмыш сапар Еуропа-Қытай транзиттік бағыты бойынша Алят портынан 100% жүкпен шыққан фидерлік кеме ретінде есте қалды. Бұл халықаралық көлік дәлізін дамытуға, клиенттер мен инвесторларды тартуға, маршрутқа қатысушы барлық елдердің инфрақұрылымын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Тасымалдау операторы - Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын Транскаспий халықаралық көлік консорциумы болып табылады. Ал, көлік қатынасының теңіз операторы – Қазтеңізкөлікфлоты.

Айта кеткен жөн, өткен жылдың 16 сәуірінде «Ақтау– Алят (Баку) – Ақтау « бағыты бойынша контейнерлік фидерлік желі іске қосылған болатын. Фидерлік желі іске қосылғаннан бері 20 000 контейнер тасымалданды. Ал, контейнерлердің 70% Ақтаудан Алят портына тасымалданды. Бұл бағыт Еуропадан Қытайға апаратын ең қысқа жол болып табылады. Осы жаңа көлік бағыты бойынша жүк тасымалдарына қатысу Қазақстан үшін транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді және ел экономикасының дамуына үлес қосады.