Қазір ауданда коронавирусқа қарсы екпе салу жұмыстары басталды.
Орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Эльмира Баяхметованың айтуынша, бірінші кезеңде инфекция жұқтыру қаупі бар топтағы медицина мамандарына екпе салынады.
Алғашқы күні орталық аурухананың 15 қызметкеріне вакцина егілді. Ауданда күніне 60 адамға дейін екпе егу жоспарланып отыр.
«Вакцинация профилактикалық егуге қарсы көрсеткіші жоқ адамдарға рұқсат етіледі. Екпе алатын адам бірінші дәрігерлік тексерістен өтеді. Екпе егілген соң жарты сағат дәрігердің бақылауында болады. Ауруханада екпені салуға және оны қабылдаған адамның жағдайын бақылауға арналған арнайы кабинет бөлінген. Жауапты дәрігерлер бекітілген. Бүгінде екпе қабылдағандардың жағдайы қалыпты. Кері әсері байқалған жоқ. Дәрігерлер 21 күннен кейін вакцинанын екінші дозасын салдырады», - деді орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.
Сондай-ақ, медицина қызметкерлерімен бірге «Nur Otan» партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұралы Жолышов екпе салдырды.
«Қазір жағдайым жақсы. Ешқандай кері әсерін байқағаным жоқ. Дүниені дүр сілкіндірген қауіпті қатерден құтылудың бірден бір жолы осы вакцина екенін түсінемін. Сондықтан болашағым үшін осы екпені алдым. Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, денсаулық кепілі екенін ұғынуымыз керек»,- деді Тұралы Жолышов.