Маңғыстаудың Қарақия ауданында 2500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Қарақия ауданында 2500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков хабарлады.

Спикердің айтуынша, былтыр ауданда жұмыссыздық бойынша тіркелгендер саны 2418 адам еді, оның 2188-і әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған.

Атап айтқанда: 457 адам тұрақты жұмысқа, 332 - адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырылып, 70 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 95 адам жастар практикасы бойынша орналастырылса, 60 адам қайтарымсыз грант, 40 адам несие алған.

127 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. 14 адам қысқа мерзімді кәсіптік курста оқытылды. Жалпы, 2500-ден астам жұмыс орны құрылған.

«Ауданымызда жұмыссыздық мәселесін азайтуға бағытталған «Жұмыс істеймін» жаңа жобасын іске асыруға 25,5 млн теңге бөлініп, 2021 жылы 106 азамат жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда 72-сі «АктауТуризмЛТД» ЖШС, 5-уі ЖК «АсетДекор», 4-уі «КаракияГаз» ЖШС және т.б мекемелерге орналасты. Бүгінгі таңда ауылдардың белсенді азаматтары өз бастамаларымен арнайы топ құрып, өз ауылдары бойынша жұмыссыз халықтың тізімін шығаруда. Осы топтардың үйлерді аралауы нәтижесінде 2500-ден астам жұмыссыздар анықталды. Оның ішінде: Жетібай – 1071, Мұнайшы – 252, Құрық – 744, Бостан – 37, Құланды – 30, Сенек – 66,- деді Қыдырберді Беков.

2022 жылдың 1 наурызына ресми есепке алынған жұмыссыздар саны – 1 341 адамды құраған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 6,5 пайызды құрайды.

Биылғы жылдың алғашқы 2 айында 239 жаңа жұмыс орыны құрылған. Олар, тұрақты жұмыс орны – 100 (Клинфилд Қазақстан, Риксос, Құрық порт, Жанарыс, АКТС, өрт сөндіру), мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылған жұмыс орны – 139. Оның ішінде: қоғамдық жұмыс орны – 101, жастар практикасы – 15, әлеуметтік жұмыс орындары – 23. «Жұмыс істеймін» бағдарламасы аясында «Құрық Порты» мекемесіне - 16 адам, Порт Құрық мекемесінің күзет қызметіне 8 адам орналасты. Сонымен қатар, 3 адам өрт сөндіру бөліміне тұрақты жұмысқа орналасты.

«9 наурыз күні «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жәрмеңке барысында «Риксос» қонақ үйіне жұмысқа орналасуға 30 адам түйіндемесін тапсырды. Бұдан бөлек, «Риксос» қонақ үйінен мамыр айынан бастап 400-ге жуық бос жұмыс орнына сұраныс түсіп тұр.

Сонымен қатар, жыл ішінде «Жұмыс істеймін» бағдарламасы аясында кем дегенде 100-ге жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «МаңғыстауМұнайГаз» бен оған сервистік қызмет көрсететін компанияларда жаңа жұмыс орындарын құру бағытында келіссөздер жүргізілуде,-деді спикер.

2022 жылы ауданда жүзеге асатын инвестициялық жобалар есебінен 400-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Атап айтқанда «КаспийОйлГаз» серіктестігі «Ракушечный» кен орнынан мамыр айынан бастап 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруды көздеп отыр.

«СемругИнвест» серіктестігі Құрық Порты аумағында астық терминалының құрылыс жұмыстарына 100-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отыр. Жоба іске қосылғанда 40-50 жаңа жұмыс орны құрылады.

Жетібай ауылында мұнай қалдықтарын тазалау, өңдеу бағытындағы «Клинфилд Қазақстан» серіктестігінде 40-қа жуық тұрақты жұмыс орыны құрылды.

Жетібай ауылындағы «Жанарыс» тігін цехында 40 жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, аудандық өрт сөндіру бөлімінде 19 бос жұмыс орны бар.