Маңғыстаудың картасын жасауды талқылаған қоғамдық тыңдау өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Университеттің мұнай жəне газ институты кітапханасының оқу залында өткен шараға МО табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, География институтының өкілдері мен экологтар қатысты. Тақырыптық карталар жасау мəселелері бойынша баяндама жасаған География институты директорының орынбасары, география ғылымдарының докторы Фарида Ақиянова институттың ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы кеңінен əңгімеледі.
«Бұл өте ірі жоба. Мұнда облыстың барлық жағдайлары сипатталады, яғни түбектің табиғи жағдайы мен ресурстары қамтылмақ. Атлас карталардың екінші тобында облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуы, үшінші тобында экология мəселелері кеңінен ашып көрсетілмек. Бірінші жылы біз облыстың 64 картасын жасауға тиіспіз. Олар негізінен түбектің қазіргі табиғи ресурстық жағдайларынан мəліметтер береді. Сонымен қатар қосымша жартыаралдың тұрғын халқы, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау жəне мəдениет салалары туралы карталар жасақтадық», дейді география ғылымдарының докторы Ф.Ақиянова
Жобаның мақсаты - Маңғыстау облысын орнықты дамыту үшін түбектің табиғи-ресурстық жəне əлеуметтік-экономикалық картасын жасау. Маңғыстау облысының атлас карталары үш тілде - қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде жарық көріп, көбейтілмек. География институты Маңғыстау облысының атлас карталарын жасау жөніндегі жұмыстарды тұңғыш рет қолға алып отыр.
Қоғамдық тыңдау барысында «Гео-Дата-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экологы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнəр Жүсіпова баяндама жасап, экологиялық аудандастыру мəселелеріне тоқталды. Ол кəсіпорынның екі жылдан бері экологиялық аудандастыру, түбектің табиғи жəне əлеуметтік-экономикалық əлеуетін анықтау жəне оның экологиялық сыйымдылығын белгілеу жұмыстарымен айналысып келе жатқандығын айта келіп, Маңғыстау өңіріндегі ғылыми-зерттеу істерінің үш кезеңде өткендігін атап көрсетті.
Ең алдымен табиғи-ресурстық жағдай зерттелді, оның қандай күйде тұрғандығы анықталды. Бұдан кейін облыстың қалалары мен аудандарында, елді мекендерінде қоныстану мəліметтері зерттелді. Халықтың əлеуметтік əлеуеті талданды. Мұның нəтижесінде осы төрт фактор бойынша ғылыми қорытынды жасалды. Қоғамдық тыңдау барысында «Қолданбалы экологияның қазақстандық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары баяндама жасады.
Олардың айтуына қарағанда, жер серігі арқылы қашықтан бақылау технологияларын қолданудың нəтижесінде Каспий теңізінің жағалауындағы Маңғыстау облысының аумағында рұқсат етілген 74 алауының орнына 282-сі жанып тұрғандығы анықталып отыр.
Мұнай компаниялары еліміздің заңдарын белінен басып, газды орынсыз жағуға жол беруде. Əсіресе, от алаулары ашық күндері түнгі кезеңдерде жақсы байқалады, жер серігінен түсірілген суреттер оны анық дəлелдеп отыр. Қазір заңсыз газ жағуға жол берген компаниялардың істері нақты айғақтармен құқық қорғау органдарына берілді.
«Облыстық экологиялық бағдарламалар бойынша үш жылдың ішінде əртүрлі жүзден астам шараларды жүзеге асыру үшін төрт жарым миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Бұған көп мəселені шешуге болады. Сол себепті біз əрбір іске, оның ішінде табиғат қорғауға үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз», дейді МО табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Орынбасар Тоғжанов.