Маңғыстаудың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында атқаратын іс көп

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиынға тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласындағы барлық қызмет көрсететін мекеме басшылары, пәтер иелері кооперативтері, құқық қорғау органының басшылары мен мүдделі мемлекеттік орган және кәсіпорын басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

«Елбасы 5 қазандағы Жолдауында коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық еместігі туралы айтып, осы салада нақты шешімдер қабылдау туралы тапсырма берді. Расында жеке пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) қызметінде мәселе баршылық. Тұтынушылардан жиналған қаражатты пайдалануда ашықтық жоқ. Бүгінде ПИК-тар өз қызметкерлеріне жоғары жалақы белгілейді, штатты негізсіз өсіру фактілері бар. Бұл - олардың тарифтерден жиналған қаражатты пайдалануда ашық саясат жүргізбейтіндігін көрсетеді. Халықтан тарифтердің күрт өсуі бойынша көптеген шағымдар келіп түсуде. Бүгінгі жиналыстың басты мақсаты аталған мәселенің шешу жолдарын қарастыру деді»,- өңір басшысы.

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Салимов облыс бойынша тұрғын-үй қорының ағымдағы жағдайы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы сұрақтары бойынша ҚР бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер және толықтырулар енгізу заңнамасы жөнінде баяндама жасады.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының тұрғын үй қоры 1 654 көп қабатты тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде Ақтау қаласында - 981 үй, Жаңаөзен қаласында 262 үй және аудандарда 411 үй бар. Облыс бойынша күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететін үйлер саны - 290 үй (17,5%), сондай - ақ апатты жағдайдағы үйлер саны - 8.

2011-2018 жылдар аралығында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 1622,0 млн. теңге сомасына 40 үй жөнделген.

Осы сияқты мәліметтерден қаныққан Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов құзырлы орган өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда мемлекеттік сәулет-құрылысты қадағалау басқармасы жаңадан салынған үйлердің техникалық паспорттарын құрылыс салушы есебінен жасақтауы қажет. Ал қала және аудан әкімдері 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін тіркелмей қалған көп қабатты үйлерді бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тіркеуден өткізуі тиіс. Сондай-ақ әкімдер көпқабатты үйлердің алдын абаттандырып, қолданыстағы балаларға арналған спорттық және ойын алаңшаларын қалпына келтіріп, қажет болса жаңасын салулары қажет. Аталғандамен қатар осы нысандарды одан әрі күтіп ұстау жұмыстары қамтамасыз етілуі қажет екенін ескертті.

«Облыстық прокуратураны, қала және аудан әкімдерімен бірлесіп кондоминиумның сандарын басқару органдарының қызметтерінің қолданыстағы Заңға сәйкестігін тексеруді және қадағалауды сұраймын»,- деді облыс әкімі.

Осыған дейін Маңғыстауда инвестиция қай салаға көп тартылғандығы туралы жаздық.