Маңғыстаудың тұрғыны бөтелкелесін сыммен буындырып өлтірген
17:11, 03 Қазан 2017
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны кінәлі деп тауып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Оқиға cәуірде Ақтау қаласында болған. Қылмыстық істің деректеріне сүйенсек, айыпталушы Е. бір топ танысымен ішімдік ішкен. Кейін облыс орталығындағы 22-шағын аудан мен 6-шағын аудан арасындағы жылу құбырының жертөлесінде ұйықтайды. Түн ортасында оянып кеткен сотталушы ұялы телефонын іздейді. Жанындағы қаза болған бөтелкелесінен ұялы телефонын сұрайды. Нәтижесінде екеуінің арасында жанжал туады. Айыпталушы жәбірленушіні ұрып жығып, жылу құбырын оралған темір сыммен мойнын алты рет орап, буындырып өлтірген.
Полиция ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстайды.
Сот қылмыстық іс материалдарымен танысып, айыпталушыны кінәлі деп тапты.
Сот үкімі өз күшіне енді.