Маңғыстаулық 54 түлекке облыс әкімі «Алтын белгі» табыстады
Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жетістіктерге жеткен ең үздік мектептер марапатталды.
Облыс әкімі ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өткен шәкірттерді өзі құттықтады. Алтын белгі иегерлерінің әр қайсысына ноутбуктер тарту етілді.
Биылғы жылы өңірдің өрелі өрендері еліміздің ұлттық бірыңғай тестілеуінен алдыңғы шепке шықты.
«Алғашқы орынды алуымыз - үлкен ортақ жеңісіміз. Бұл маңғыстаулық ұрпақ Елбасы саясатын іске асыруда ел тірегі бола алады деген сөз», деді Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Түлектердің жетістігінде мұғалімдердің еңбегі-ұшан теңіз. Осы бағытта Ақтау экономикалық лицейі мен Бейнеу лицейі «Ең үздік мектептер» аталды. Жеңімпаз ұжымның әрқайсысына 1 млн. теңге қаржылай сияпат жасалды. Оқу орнының білімпаз шәкірттері де облыс басшылығына өз алғыстарын жеткізді.
Биылғы жылы маңғыстаулық оқушылар республикалық және халықаралық интеллектуалдық 11 байқауға қатысып, жоғары көрсеткіштерге жетіп, 40- тан астам жүлделі орынға ие болды. Бұл облыстың білім саласының дұрыс жолға қойылып, жастардың келешекке кемел біліммен қадам басқандығының айғағы.