Маңғыстаулық БАҚ өкілдері облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырған шарада өңірдегі БАҚ өкілдері арнайы белгіленген аталымдар бойынша жолдаған шығармашылық жұмыстары сарапқа салынды.
Қорытындысында, «Экономикалық даму» аталымы бойынша "Қазақстан" РТРК Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жазира Әбіл, «Әлеуметтік даму» аталымы бойынша «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі Аягөз Ізбасарова, «Мемлекеттік саясат және құқық» аталымы бойынша «Казахстанкая правда» газетінің аймақтық тілшісі Есназар Сұлтанов марапатталды.
Бұдан өзге «Дағдарысқа дес бермейік», «Азаматтық белсенділіктен - бақуатты өмірге» , «Тілім менің - тағдырым», «Ауылым -алтын бесігім», «Ана - ошағымыздың ұйытқысы», «Болашаққа нық сеніммен» тақырыптық сериялар бойынша да еңбектері еленген журналистерге алғыс хаттар және арнайы сыйлықтар табыс етілді.
«Биылғы жылы Маңғыстау облысы еліміздегі дағдарысқа басты тірек бола білген аймақтың бірі. Біз тек экономикалық -әлеуметтік жағымыздан ғана көрініп қоймай, рухани құндылықтарымызды да паш ете білдік. «Патшаның алдында елдің жағдайын, елдің алдында патшаның жағдайын айтатын» БАҚ өкілдері дағдарысқа қарамастан халық пен биліктің арасында көпір бола білді. Бұра тартпай, батыл да сеніммен жазар сұңғыла ойларыңыз көбейе берсін, бүгінгі марапаттарыңызбен, табыстарыңызбен құттықтаймын», деді Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.