Маңғыстаулық белсенді жастар жазғы лагерде бас қосты

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық белсенді жастар жазғы лагерде бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көгез» этно ауылында ұйымдастырылған лагерге жастар ұйымдарының өкілдері, ерікті жастар, мүмкіндігі шектеулі жастар, дарынды мектеп оқушылары, жас кәсіпкерлер мен вайнерлер қатысты.

Басқосудың мақсаты - Жастар жылы аясында Маңғыстау өлкесінің тарихын дәріптеу, тарихи сана қалыптастыру, төл мәдениетімізді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бейресми форматтағы кездесуде жастармен еркін тақырыпта сұқбаттасып, көкейтесті сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, туризм және ауыл шаруашылық салаларындағы маңызды идеяларын тыңдап, жастар жүзеге асырған табысты жобалармен танысты.

Өңір басшысы жастар арасындағы еріктілердің атқарған істеріне тоқталды.

«Мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, оларға қуаныш сыйлау - ең үлкен бақыт. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда өткен еріктілер форумында маңғыстаулық ерікті жастардың қызметін жоғары бағалап, ерекше атап өткен болатын. Осы орайда мен де облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы «Еріктілер корпусына» абыройлы қызметтері үшін алғыс айтамын. Жалпы, мені қуантатыны ерікті жастардың қатарының көбеюі», - деді әкім.

Айта кетерлігі, жуырда Бейнеу ауданында 10 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер жиналып, жағдайы төмен отбасыға үй алып берген.

Лагерде ұлттық ойындар (асық ату, арқан тарту, жамбы ату, көкпар, тоғызқұмалақ, ұршық иіру, аударыспақ, теңге ілу) ойнатылып, Шерқала - Айрақты тауы, Қызыл қала тарихи жеріне жастар саяхаты және жастардың экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

Ағаш үй маңына дарынды суретші Бекежан Мерейдің картиналары қойылып, «Өнер» колледжі суретшілерінің пленері ұсынылды.

Жастар әр топқа бөлініп, туризм және кәсіпкерлік тақырыбында семинар тренингке қатысып, жобалармен жұмыс жасады.

Соңғы жаңалықтар