Маңғыстаулық қарттар мен мүгедектерге қайырымдылық шаралары жасалды

None
АҚТАУ. 9 cәуір. ҚазАқпарат.  - Бүкіләлемдік денсаулық күніне орай  Маңғыстау облысындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде қайырымдылық шаралары жасалды.

Мәдени көпшілік шаралар аясында аймақ дәрігерлері қарттарға тегін медициналық көмек көрсетіп, кеңестерін айтты. Қоғамдық жұмыстар белсенділерінен құралған  жастар интернат үйінің ауласын тазартып, ағаш отырғызды.

Сондай-ақ, «Белсенді ұзақ өмір», «Сымбатты ақсақал», «Мейірімді ақсақал» тақырыптарында байқаулар өткізілді.

«Белсенді ұзақ өмір» байқауы бойынша Махмуд Асильев, Анатолий Дивин, Анатолий Свинин жеңімпаздар атанса, «Сымбатты кейуаналар» аталымына Галина Торосова, Лидия Мудрецова, Владимир Линник лайық деп танылды.

Ал, «Мейірімді ақсақал» аталымын Владимир Гагаринов, Қалбике Асанова, Тагуи Арамқызы және Надежда Аустрина жеңіп алды.

«Қаламызға көктем келіп, көктеммен бірге бізді қуантуға келген осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Дәрігерлер бізді тексеріп, кеңестерін айтты. Арнайы сайыстар ұйымдастырып, ауламызды тазалап, көңілімізді көтеріп тастады. «Мейірімді ақсақал» атанып, қуанып отырмын», - дейді Владимир Гагаринов.

Байқау жеңімпаздарын облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Алмабек Бисен марапаттады.

«ҚР Салауатты өмір салтын қалыптастыру» ұлттық орталығымен дайындалған бірыңғай тұжырымдамаға сәйкес өткізіліп отырған  биылғы шара «Жақсы денсаулық ғұмырға жас қосады» атты ұранмен ұйымдастырылып отыр. Елімізде соңғы жылдары  егде жастағы халықтың саны өсіп келеді. БҰҰ сарапшылары Қазақстанды егде жастағы адамдар санының жылдам өсу қарқыны бар мемлекеттерге жатқызған. Олардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай елімізде 25% егде жастағы адамдар болмақ. ҚР-інде денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықтың өмір сүру ұзақтығы 2015 жылға қарай 70 жасқа жетуі мүмкін», - дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Амангүл Жайлыханова.