«Қашықтан жұмысқа көшкелі қол қусырып отырғым келмейді. Үйде отыратын уақытым да аз. Ең алдымен қыран құсымды баптаймын. Құстарымның біреуінің мінезі ауыр. Екі бүркіт, бес-алты ителгім бар. Шәкірттеріммен тауға шығып, қырандарымды аңға саламын. Қолым босағанда сурет салып, әмиян тігемін. Бүркіттің томағасын, ер азаматтарға арналған таза былғарыдан белбеу, қол сөмке, әмиян тігемін», - дейді ол.
Жігітке жеті өнер де аз демекші Е.Ещанов Алматы қаласынан арнайы былғары терілерін алдыртып, ер адамдарға арналған қол сөмке мен әмиян тігуді де қолға алған. Тіпті қылқаламның бояуын сөйлетіп, портрет салады.
«Әмиян тігудің де ерекше сыры бар. Әуелі былғарыны дайындап, жан-жағын тегістеймін. Өйткені теріні кескенде жібі тарқатылып кетеді. Жіптері шығып тұрмас үшін тегістеп, кейін арнайы құралмен біркелкі етіп тесіп, қалың арнайы жіппен тігіп шығамын. Әмиянның былғарысы бөлек, бүркіттің томағасын тігетін былғары бөлек болып келеді. Бұл былғарыны арнайы тапсырыспен алдыртамын», - дейді шебер.
Ертіс Ещановтың жұмыс бөлмесінде бірнеше майлы бояу суреттер де бар. «Бозжыра», «Шерқала» тауы, Маңғыстаудың тарихи өлкелері, кең даладағы қазақ үйлері бейнелеген портреттер де кездеседі. Қылқаламның ұшымен жылқыны бейнелеп жатқан өнер иесінің бойынан қазақтың сал серілерінің мінезі байқалады.