Маңғыстаулық жас дзюдошылар Еуропа кубогында жүлдегер болды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық спортшылар дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Еуропа кубогының жүлдегері атанды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Маңғыстау спорт басқармасы

Грузияның Гори қаласында дзюдодан Еуропа кубогы өтті. Жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогына барлығы 16 елден 300-ден астам спортшы қатысқан.

«Қазақстан жасөспірімдер құрама командасында өнер көрсеткен маңғыстаулық екі спортшы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда Гүлдана Теңелбаева 70 салмақта дәрежесінде бақ сынап күміс жүлдегер атанды. Гүлдана 1 және 2 кездесуінде грузин спортшыларын жеңіп, ал 3 кездесуінде қазақстандық спортшыны жеңіп, финалға шықты. Ақтық кездесуінде қырғыз спортшысына есе жіберді» делінген баспасөз мәліметінде.

Сондай-ақ, 60 келіде белдескен Қанат Нұргелді Европа кубогының қола жүлдегері атанды.

Қанаттың жеке бапкері Нұрлыбай Серғазиевтің айтуынша, спортшы 1 кездесуде армяндық спортшыны жеңіп, 2 кездесу Грузия елінің спортшысына есе жіберді.

Одан қанағаттандыру белдесулерінде израилдық және грузиндік спортшыларды жеңді.

Ал, 3-орынға белдескенде Грекия елінің спортшысын ұтып, қола жүлдегер атанған.

Аталған жарыс 29-30 сәуір аралығында өтті.