Манхэттендегі жарылысқа қатысты күдіктінің есімі жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио Манхэттендегі жарылысты ұйымдастырудағы күдіктінің аты-жөнін атады. Қала басшысының айтуынша, шабуылдың артында АҚШ азаматтығын алған Нью-Джерси тұрғыны, 28 жастағы Ахмад Хан Рахани тұруы мүмкін.

Де Блазио күдіктінің қарулы және қауіпті болуы мүмкін екенін атап өтті. Мэр Нью-Йорк полиция департаментінің Раханидің фотосын жариялағанын, одан жауап алу үшін іздеуде екенін айтты, деп хабарлайды newsru.com.

Жақында ABC News есімі аталмаған дереккөздерге сілтеме жасап, Нью-Йорктегі жарылысқа қатысты бес адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда ФБР бұл ақпаратты теріске шығарды.

17 қыркүйек күні кешке Нью-Йорктың орталық ауданы Манхэттенде жарылыс болды. Жарылғыш зат Челси ауданындағы 6 және 7 авеню арасындағы 23-көшеде қоқыс жәшігіне жасырылған деп хабарланды. Жарылыс салдарынан 29 адам зардап шекті, қазір олардың барлығы ауруханадан шықты.