Манилада АСЕАН саммиті басталды: халықаралық қақтығыстар мен аймақтық қауіпсіздік басты назарды

АСТАНА. KAZINFORM – 15 қарашада Филиппин астанасы Манилада Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) 49-саммиті ашылды. Үш күнге жоспарланған жиында аймақ елдерінің көшбасшылары халықаралық қақтығыстарды, аумақтық дауларды және экономикалық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді талқылайды.

Фото: Аsean.org

Бұл туралы Kazinform АСЕАН-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Саммитке Филиппин президенті Фердинанд Маркос кіші төрағалық етіп отыр. Ашылу рәсімінде ол геосаяси шиеленістің күшеюі, экономикалық белгісіздік, климаттың өзгеруі және трансұлттық қауіп-қатерлер жағдайында аймақ елдерін бірлікті нығайтуға шақырды.

Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – Оңтүстік Қытай теңізіндегі жағдай. Бұл аймақта Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар мемлекеті арасында аумақтық қайшылықтар әлі де сақталып отыр. Саммитке қатысушылар даулы акваторияда қақтығыс қаупін азайтуға бағытталған тараптардың мінез-құлық кодексі жөніндегі келіссөздерді талқылайды.

Фото: Аsean.org

Күн тәртібіне Мьянмадағы дағдарыс та енгізілген. АСЕАН көшбасшылары 2021 жылғы әскери төңкерістен кейін қабылданған бес тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарының орындалу барысын қарастырады. Оның негізгі талаптары – зорлық-зомбылықты тоқтату, гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз ету және саяси диалогты бастау.

Сондай-ақ Таяу Шығыстағы қақтығыстардың энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне әсеріне, трансұлттық қылмыс пен кибералаяқтыққа қарсы күреске ерекше назар аударылады.

Фото: Аsean.org

Саммит жұмысына АСЕАН-ға мүше 11 мемлекеттің өкілдері қатысып жатыр. Пленарлық отырысқа Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва, Канада премьер-министрі Марк Карни және Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева да шақырылған.

16-17 қарашада ұйымның халықаралық серіктестерімен, соның ішінде Қытай, Үндістан, Жапония, Корея Республикасы, Ресей және АҚШ өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған.

Фото: Аsean.org

АҚШ президенті Дональд Трамп 17 қарашада АҚШ пен АСЕАН-ның арнайы саммитіне қатысу үшін Манилаға бармақ. Жиынның соңғы күні Филиппин ұйымға төрағалықты Сингапурға тапсырады.

Еске салайық, 2025 жылғы қазанда Куала-Лумпурда АСЕАН-ның алдыңғы саммиті ашылған болатын. Онда қатысушылар экономикалық ынтымақтастықты, Газа секторындағы жағдайды және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жиында Тимор-Лестенің ұйымға қосылуын ресми түрде рәсімдеу жоспарланған еді.

Фото: Аsean.org

Осыған дейін Филиппиндегі АСЕАН саммитінде энергетикалық дағдарыс басты тақырып болатыны туралы жаздық.