116 мыңнан астам оқушы кәсіби бағдарлау тестілеуінен өтті

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Mansap Kompasy платформасында жүйелі кәсіби бағдар беру жұмысына бағытталған кәсіби өзін-өзі айқындаудың цифрлық құралы енгізілді. Жыл қорытындысы бойынша платформада 7–11-сыныптардағы 116,5 мың оқушы тестілеуден өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, пайдаланушының белгілі бір мамандыққа бейімділігін анықтауға мүмкіндік беретін бұл цифрлық құрал Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленді.

Тест тұлғаның қызығушылықтары мен бейімділігін бағалаудың халықаралық әдістемелерін қолдана отырып жасалған. Тестілеуден өткеннен кейін жүйе нәтижелерді автоматты түрде талдап, пайдаланушыға мамандықтар бойынша жеке ұсынымдар қалыптастырып ұсынады. Сондай-ақ тиісті мамандықтар мен дағдыларды меңгеру мүмкіндіктері туралы ақпарат береді.

Жоба мемлекеттік органдар мен салалық мамандардың ведомствоаралық өзара іс-қимылы негізінде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның қатысуымен іске асырылып жатыр.

– Mansap Kompasy білім алушыларға кәсіби диагностика мен мансапты жоспарлау құралдарын ұсынып, алдағы білім беру және кәсіби траекторияны саналы түрде таңдауға көмектеседі, – деп атап өтті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Ернат Жүнісов.

Алдағы уақытта жыл сайын кемінде 100 мың мектеп оқушысы тестілеуден өтіп, ұсынымдар алады деп жоспарланған. Осы мақсатта өңірлік үйлестірушілер мен кәсіби бағдар беруші педагогтар оқытылып, пайдаланушыларды сүйемелдеу ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірлер мен білім беру ұйымдары бөлінісінде нәтижелерді мониторингтеу және талдау жүйесі енгізілді.

2026 жылы оқушыларды қамту аясын кеңейту және құралды білім беру ұйымдарында қолдануды кеңейту жоспарланып отыр.

Бұған дейін алғаш рет кәсіби бағдар беруге арналған бірыңғай әдістемелік нұсқаулық әзірленгенін жазған едік.