Мансап жолы, авиациядағы әйелдер, отбасы – Салтанат Томпиевамен сұхбат

Фото: Фото: С. Томпиеваның жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Салтанат Томпиева 26 жыл бойы авиация индустриясында жұмыс істеп, саланың дамуына зор үлес қосып келеді. Ол мансап жолын қатардағы маман ретінде бастап, қызметтің барлық сатысынан өтті. Ал таяуда ғана Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Салтанат Томпиева Kazinform тілшісіне берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөліне, олардың отбасылық өмір, білім және мансапты ұштастыру қабілетіне қатысты ойымен бөлісті.

- Лауазымды қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын! Алдымен азаматтық авиацияға қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз...

- Барлығы сонау 1991 жылы басталды. Ол кезде 14 жаста едім. Ағылшын тілінен қалалық конкурста іріктеуден өтіп, жеңімпаздармен бірге Канадаға аттандым. Ол уақытта шетелге шығу өте сирек кездесетін жайт болатын. Содан болар, өзге елге алғаш рет ұзақ сапарлауым мол әсер қалдырды. Шындығында да жол тым ұзақ еді. Алдымен туған қалам Балқаштан Жезқазғанға, одан кейін Мәскеуге ұштық, ары қарай мұхит үстімен 10 сағат Монреальға сапарладық. Таңданыс пен ерекше көңіл күймен қатар көкейімде «Қазақстаннан Канадаға жету неліктен соншалықты қиын? Неге тікелей рейс жоқ?» деген сауалдар тұрды.

Дәл осы жайт 1998 жылы университетті бітіргеннен кейін Азаматтық авиация комитетіне алып келді. Ол кезде мекеме Көлік және коммуникация министрлігінің Әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі жөніндегі комитет деп аталатын. Астанаға келгеннен кейін министрліктің кадр бөліміне жұмысқа тұрдым. Міндетіме заңнамалық өзгерістермен, халықаралық келісімшарттармен және өзге де сондай мәселелермен айналысу кірді.

- Жеке мәліметтеріңізге қарасақ, 2000-2012 жылдары аралығында түрлі басқармалардың бас сарапшы лауазымында болған екенсіз. Лауазым жолында жоғарылауымыз жылдам болды деуге келмейтін сияқты...

- Өте дұрыс айтасыз. Комитеттегі алғашқы 14 жылдық қызметімде барлық дерлік басқармада жұмыс істеп шықтым. Жетекші маманнан бастап, бас маман, бас сарапшы қызметтерінен өттім. Жұмысыма нормативтік-құқықтық мәселелер, сала статистикасы, әкімшілік-құқықтық қызмет, әуежайлардың қызметін реттеу, авиациялық нарықты қалыптастыру, ішкі және халықаралық әуе тасымалын жақсарту, сондай-ақ өзге елдердің авиациялық билігімен, азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері кірді.

Айтпақшы, сол уақытта біз «Air Astana» компаниясының бірінші тікелей халықаралық рейстерін орнату және қазақстандық авиатасымалдаушының ұлттық халықаралық мақсаттағы авиатасымалдаушы ретіндегі позициясын бекіту сынды жаһандық мәселелерді шештік.

Жұмыс өте қызықты болды. Халықаралық рейстер ашу үшін келісімшарттық-құқықтық негізді жаңадан дайындадық, Қазақстан мен Еуроаймақ елдерімен әуе қатынасы туралы алғашқы екіжақты келісімді әзірледік. Сонымен қатар жаңа елордамыз Астанаға алғашқы рейстерді ашу үшін шетелдік әуе компанияларын тарттық.

Фото: С. Томпиеваның жеке мұрағатынан

2012 жылы мені бірінші рет басшылық лауазымға тағайындады. Басқарма басшысы лауазымында 7 жыл жұмыс істедім. Жауапкершілігіме әуе тасымалының барлық түрі кірді. Авиациялық инспектор болып та тәжірибе жинақтадым. Әуежайлардағы тасымалдың барлық қызметіне инспекция жасадық.

2019 жылы, яғни комитетте жұмыс істегеніме 21 жыл өткеннен кейін ведомство төрағасының орынбасары лауазымына тағайындады. Бұл жердегі жұмыс одан ары да қарқынды әрі маңызды бола түсті. Бүкіл әлем пандемияны бастан кешіріп, барлық жолаушылар рейсін тоқтатуға тура келгенімізді еске түсірсек те жеткілікті. Дегенмен, қатаң локдаун жағдайында жүк әуе тасымалын реттеуді жалғастырдық. Өйткені, жүк жөнелту тоқтаған жоқ. 2021 жылы елімізде қаңтар оқиғасы болды. Сол уақытта Алматы әуежайын басып алды және бізге шұғыл әрекет етіп, әуе кемелерін басқа бағыттарға жіберуге тура келді. Одан кейін әлемде жаңа геосаяси ахуал туындады. Қауіпті, жабық аймақтарды айналып өту үшін жаңа бағдарлар әзірлеумен айналыстық. Қазір мұның ең күрделі кезең болғандығын айта алатын сияқтымын. Өйткені, әуе тасымалының барлық нарығын іс жүзінде қайтадан бастауымызға тура келді. Және де мұндай жағдай бүкіл әлемде орын алды. Осы орайда Қазақстанның әуе тасымалы нарығы барынша жылдам қалпына келгендігін атап өткен орынды. Тіпті, мемлекеттік субсидиясыз және әуе кәсіпорындары банкротқа ұшырамай-ақ жылдам дами бастады. Сол уақытта ТМД-ның көптеген елінде, Еуропада және өзге де өңірлерде авиацияны қалпына келтіру үшін мемлекеттік субсидия берілді және олардың көпшілігі пандемиядан кейін енді ғана қалпына келе бастады.

2022 жылдан бастап Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі бас директорының орынбасары лауазымында қызмет еттім. Бұл комитетке бағынышты ұйым саналады әрі бақылау-қадағалау қызметін атқарады және БҰҰ Халықаралық азаматтық авиация ұйымының жоғары бағасына ие.

- «Авиация – әйелдер айналысатын іс емес» деген таптаурын пікірмен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма? Мұндай жайт болса, оны қалай жеңе алдыңыз?

- Иә, мұндай таптаурын пікірдің бар екені жасырын емес. Алайда, бұл саладан бейхабар, азаматтық авиацияны тек ұшқыш ер адамдар ретінде елестетін адамдардың пікірі ғана. Жалпы, салада әйелдерге үлкен құрметпен қарайды. Айтпақшы, отандық азаматтық авиацияда жұмыс істейтін әйелдер аз емес. Мәселен, салада 28 ұшқыш әйел, 46 диспетчер, 7 инженер жұмыс істейді. Айталық, авиациялық әкімшіліктегі лауазымды қызметтердің 36 пайызын әйелдер иеленсе, Азаматтық авиация комитетіндегі 16 басшылық қызметтің 5-еуінде әйелдер отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, мұнан да жоғары бола алар еді. Енді нақты сауалыңызға оралар болсақ, әйелдер осы таптаурын пікір салдарынан авиацияға көп келе бермейтін шығар...

Фото: С. Томпиеваның жеке мұрағатынан

- Иә, мұныңыз да жөн болар. Ал сіздің комитет төрағасы лауазымына тағайындалуыңыз қыз-келіншектердің авиациялық және өзге де салаларға баруға сенімділігін арттыра түседі деп ойламайсыз ба?

- Қазақстанда әйелдердің де, ерлердің де ішінде өз саласының мықты мамандары өте көп. Адам жұмысқа деген сенімділік пен кәсібилікті ең алдымен қажырлы еңбегімен, өзіне деген талапшылдығымен және ісіне берілгендігімен алатындығына сенімдімін. Менің үлгім Қазақстан әйелдері үшін көрсеткіш болады деп үміттенемін. Өз салаңда төмен лауазымнан бастап күш-жігердің, қажырлы еңбектің және өз-өзіңді дамытудың арқасында шыңдарға шығуға болады.

- Үнемі білімді жетілдіріп отыру қажеттігін айтып қалдыңыз. Ал өзіңіз қосымша білім алуға, біліктілігіңізді шыңдауға уақыт табасыз ба?

- Иә, әрине. Оқуға, жаңа дағдыларды дамытуға үнемі ұмтыламын. Әріптестеріммен бірге Халықаралық азаматтық авиация комитетінің бағдарламаларын қоса алғанда қызметтің түрлі бағыттары бойынша үнемі оқудан өтіп тұрамыз. Біліктілікті арттыруға қатысты көптеген сертификатым бар. Жаңа біліммен алынған жан-жақты дағды халықаралық байланыстар орнату тұрғысында өте маңызды. 2018-2020 жылдары Тулуза бизнес мектебінде білімімді шыңдадым. Жұмыстан қол үзбей Part time бағдарламасы бойынша оқыдым. Бірақ, жылына екі рет оқу демалысын алып тұрдым. Жұмысты оқумен қатар ұштастыру негізгі қиынды болды. Дегенмен, еңбегім еш кетпеді, оқуымды аяқтағаннан кейін авиациялық-ғарыш саласындағы MBA дипломын алып шықтым.

Бірде группаластарымнан, ал олар 12 елдің авиация саласындағы біліктілігі өте жоғары мамандары, өте ұнамды пікір естім. Олардың әрқайсысы Қазақстанда ешқашан болмағандықтарын, бірақ, ендігі уақытта Қазақстанда көшбасшылық қасиеті өте жоғары, сонымен қатар сүйікті әрі қамқор ана бола білетін мықты әйелдердің бар екендігін анық білетіндіктерін атап өтті. Сөйтсем, олардың барлығы үзіліс уақытында менің қызыммен сөйлескен сәтімді қызығушылықпен әрі жылылықпен қадағалап жүріпті.

Фото: С. Томпиеваның жеке мұрағатынан

- Қарқынды жұмыс кестесін, оқу мен отбасылық өмірді қалай үйлестіріп жүрсіз?

Мемлекеттік қызмет адалдық пен күш-жігерді талап етумен қатар қол жеткізген нәтижелер мен кәсіби мәртебеге деген қанағаттанушылықты да берері сөзсіз. Дегенмен, авиацияға, жұмысыма деген сүйіспеншілікке қарамастан мен үшін ана рөліне адалдық таныту бәрінен де маңызды. Ана болғаным үшін бақыттымын.

Еш уақытта мансапты армандаған емеспін, үнемі көпбалалы ана болғым келетін. Тағдырдың жазуы басқаша болды – мансап пен бір бала. Жұмыс пен отбасын қалай қиыстырамын? Бос уақытымның бәрін қызыма, оның қызығушылығына арнаймын. Қазір ол 14 жаста және біз ана мен қыздан гөрі құрбылар сияқтымыз. Дегенмен, әрине жұмысқа деген қарым-қатынасым, тығыз жұмыс кестесі оған да әсер етпей қоймайды. Ол еркін өсіп келеді. Еш уақытта оған өз пікірімді таңған емес. Қайта керісінше, онымен үлкен адамдарша кеңесіп, тыңдаймын, оның барлық қызығушылығына қолдау көрсетемін. Егер жауапкершілігі мол, еркін бала тәрбиелегіңіз келсе, онда балаңызды жақсы көріңіз, оған сеніңіз. Балаға дербес шешім қабылдауға өзін көрсетуге мүмкіндік беріңіз. Әрине, жұмыста, өзіңді өзі дамытуда, жетістікке жету жолында үлгі көрсетіңіз. Міне, осындай лайфхак.

- Сұхбатыңызға рақмет!