Мәншүк Мәметова туралы фильмнің түсірілімі аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған алғашқы қазақ қызы Мәншүк Мәметованың өмірі мен ерліктері туралы деректі фильмнің түсірілімі аяқталды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолғабыс етуімен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Фильм «мүмкін емес сұхбат» жанрында түсірілген. Кадрда басты кейіпкер – Мәншүк Мәметованың өзі жоқ, дегенмен, көрермен оның кадрдан тыс дауысын ғана ести алады. «Менімен сөйлес, Мәншүк» фильмінің режиссері Мансұр Баймұхамбетов ҚазАқпарат тілшісіне жоба жайында айтып берді.

Фото: kazakhfilm.kz

– Жоба неліктен «Менімен сөйлес, Мәншүк» деп аталады ?

– «Менімен сөйлес, Мәншүк» атауы жоба сценарисі Евгений Лумповтан шыққан. «Жоспар бойынша біз «мүмкін емес сұхбат» эксперименттік жанрының формасына қол жеткізгіміз келді. Мақсатымыз – батыр бейнесін жасау. Отан жолында жанын қиған жас пулеметшінің жан дүниесінде не болғанын тауып, жауабын айту.

– Киножоба кейіпкерлері кімдер?

– Мұражай мамандарымен, Мәншүк Мәметова оқыған мектеп директорымен сұхбаттастық. Біз мектеп оқушыларымен, Ресейдің «Гвоздика» іздестіру-құтқару жасағының өкілдері арасында сауалнама жүргіздік. Сонымен қатар Мәншүк Мәметова туралы 1980 жылы түсірілген деректі фильмнен кадрларды қосуға тырысамыз, онда оның майдандас серіктерінің сұхбаттары бар.


– Біздің білуімізше, кадрда Мәншүктің өзі жоқ , бас кейіпкерсіз фильм қалай түсірілді?

– Фильмде батыр Мәншүктің жоқтығы – тарихты қайта құрумен айналысқымыз келмейтіндігімен байланысты, өйткені біз шынайы өмірде дәл сол сәтке ешқашан қайтып оралмаймыз. Ал енді жасанды түрде қайталанатын кейбір бейнелерге, пікірлерге, дауыстарға симбиоз жасағымыз келеді. Соның көмегімен сол уақытқа қазіргі заманғы адамның көзімен қарауға болады.

– Картина қай жерде түсірілді?

– Фильм үш қалада: Орал, Алматы және ресейлік Невельде түсірілді. Мәншүк Мәметова шайқасқан ұрыс даласында да болдық. Ашық дереккөздердің мәліметіне сәйкес, Мәншүк Мәметова 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын азат ету операциясы барысында басына ауыр жарақат алғанына қарамастан, жаудың 70 сарбазын жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты.


– Фильмнің аты өзгеруі мүмкін бе?

– Жоқ, жобаның атын ауыстыру жоспарымызда жоқ.

– Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Қазір мен жеке сценариймен жұмыс істеп жатырмын және бұл жобаның қыр-сырын айтуға әлі ерте деп ойлаймын.

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, фильмді толық аяқтау мамыр айының соңына жоспарланған.