Мануэль Ларочча - Қазақстандағы Испанияның жаңа елшісі

None
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Испанияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Альберто Антон Кортесдің дипломатиялық қызметі аяқталды.

Осыған орай бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елшіні қабылдап, екі жақты ынтымақтастық байланыстарға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің құрмет грамотасымен марапаттады.

 Альберто Антон Кортестің Қазақстандағы дипломатиялық қызметіне биыл төрт жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Испания арасындағы әріптестік байланыстар нығая түсіп, екіжақты сауда айналымы өсті. Бүгінде испан жағы Қазақстанның дипломатиялық қызметкерлерге ғана емес, қарапайым халық үшін де виза беру жүйесін барынша жеңілдетуді көздеп отыр. «Негізі, Испания Еуропалық одақ елдері ішінде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның дипломатиялық қызметкерлері үшін виза беруді жеңілдету жұмысын қолға алуда. Сондай-ақ біз қарапайым халық үшін де бұл жүйенің барынша қолжетімді болуын қалаймыз. Осы орайда Шенген тобымен жүргізілетін келіссөздер кезінде Испания Қазақстанға қолдау жасауға дайын», - дейді Альберто Антон Кортес.

Айта кетейік, алдағы шілде айында Альберто Антон Кортестің орнына Қазақстанға жаңа елші Мануэль Ларочча келіп, жұмыс істейтін болады.