Тағы бір мәселе - бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді. Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36%-ына жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты.
Долларсыздану үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31%-дан 1 тамызда 41%-ға дейін артты. Соған орай несие беру мөлшері қайтадан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие жиынтығы 2,1 триллион теңгеден 2,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 миллиард теңге немесе 36% болды. Дегенмен, қарқынды экономикалық даму үшін бұл жеткіліксіз, деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қалпына келтірудің қосымша шараларын қабылдауды тапсырды.
Экономикаға инвестиция тартудың тиімді жолдарының бірі - халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама 2014 жылы мақұлданған болатын. Сол себепті, осы бағдарлама бойынша халықаралық қаржы ұйымдары, оның қатарында Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ 5 жылда Қазақстанға 7 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр. Осыған орай Үкімет пен әкімдер осы бағдарламаның аясын кеңейту және экономикаға қосымша қаражат тарту мүмкіндігін қарастыруы қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды. Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.
Қазақстан Президенті бағдарламаның тағы бір бөлігі тұрғын үй құрылысының жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыруға арналуы тиіс екендігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қоры жөнінде талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды.
Сонымен қатар, әкімдерге мемлекет мұқтажы, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алуға қосымша құқық беру керек. Көлікке қатысты шешімдерді және қандай әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін алдын ала ойластыру қажет. Бұл бағдарламаның елеулі әлеуметтік тиімділігі болатынына сенімдімін, деді Президент.
Отырыс қорытындысында айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау тапсырылды.
Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына және өзге де шығыстарға бөлу қажет.
Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.