«Маокам - жаңа қаржы құралы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 26-сы,  сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Маокам - жаңа қаржы құралы» деген мақала кеше Премьер - Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен, Үкіметтің кезекті отырысындағы қаралған мәселе - тұрғындар үшін ішкі рыноктағы қаржы құралдарын дамыту  турасында жазды.

Елдің қаржы министрлігі ішкі қаржы нарығына алдағы уақыттары жаңа бағалы қағаз шығаруды жоспарлап отыр.

«Адам жер басып жүргенде дәйім сынақта болады. Қарттықтың өзі де тек құрмет көрер жас емес. Оның да өзіндік сынағы бар. Қарттықтың басты сынағы - әдемі қартаю. Бәйкен Әшімов - әдемі қартаюдың әдемі үлгісін бүкіл халқымызға көрсетіп келе жатқан адам». - деп жазған «Егемен Қазақстан» газеті, «Азаматтың тілеуін тілейік, ағайын!» деген тақырыпта Бәйкен Әшімовпен болған сұхбатын жариялады.

Тарихтың терең де сырлы қатпарына қайталай көз салған келесі мақала  «Әбілқайырды кім, не себепті өлтірген?» деген тақырыппен берілген. Аты айтып тұрғандай,  мақалада Әбілқайыр ханның өмір жолына қатысты  жаңа деректер мен сенімді дәлелдер келтірілген.

  

***

«Шымкентте бұрын - соңды болып көрмеген шу шықты. Қала әкімі Арман Жетпісбаев «Қазақ хандығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Камалидин Дулатовты, «Карулас Ауғанстан» қоғамдық бірлестігінің лидері Есбалы Әлиевті, республикалық «Халық дабылы» қоғамдық бірлестігі Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының лидері Қуат Садриддинді сотқа берді» - деп жазады  «Айқын» газеті бүгінгі санында. Басылым «Қала әкімі қоғамдық ұйым басшыларын сотқа берді» атты мақаласымен Шымкенттегі келеңсіздікті баяндайды. 

  

Аталмыш басылымның күнделікті «Ақ сөйле!» айдары, «Ел ертеңі - бүгінгі мектепте» деген тақырыппен, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновпен болған сұхбатын жариялады.

«Айқын» газетіндегі «Әр елдің ұлттық валютасының мықтылығы - оның экономикасының тұрақтылығының кепілі болса керек. Сондықтан елім көркейсін деген ниеттегі әр азамат теңгенің құнды болуына қызмет етуі шарт. Бірақ отандық банктер ұлттық валютаны қолдауға құлықсыз секілді», - деп салмақты ой тастай жазған келесі мақала «Отандық банктер несиені неге валютамен береді?»   тақырыбымен берілген. Мақалада ұлттық валютамыздың ертеңіне назар аударылған.

***

«Күле қарап, күн сайын өңмеңдеп еніп бара жатқан көрші Қытай елі жайлы пікірлер баспасөз беттерінде де, зиялылар басқосуларында да жиі айтылып жүр. Тіпті, тілдік қолданысымызда «Қытай экспансиясы» деген жаңа сөз тіркесі де қалыптаса бастағандай».

 «Жас Алаш» газеті кешегі санында «Қытайдағы қазақтарды кім ойлайды?» деген тақырыппен Қытайдағы қандастарымыздың тағдыры туралы жазды.

Ал осы басылымдағы «Сөз бостандығы ойыншық емес» деген тақырыппен берілген  келесі мақала Алматыда баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Орал өңіріндегі тәуелсіз тілшілердың ортаға салған пікірлерін баяндайды.

***

Орыс тілінде шығатын республикалық «Казахстанская правда» газеті де өзінің бүгінгі санында нарыққа шығарылатын жаңа бағалы қағаз  -МАОКАМ -ға материал арнап, бағалы қағаздың шығарылым көлемі 15 миллиард теңгені құрайтынын жазады.

***

«Еуропалық Одақ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда жүкті әйелдерге, аналарға, жаңа туылғандар мен балаларға сапалы медициналық қызмет қолжетімділігін қамтамасыз етуге  атсалысу бойынша екіжылдық жобаны бастайды», деп жазады «Экспресс К» газеті бүгінгі санында.

Газет  Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкованың сөзіне сілтей отырып, бұл жоба бірінші сатыда  еліміздің үш негізгі өңірі - Ақтөбе, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында  жүзеге асырылатынын айтады.  «Мұның себебі бала туу көрсеткішінің басым бөлігі нақ осы өңірлерге тиесілі екендігімен және соған орай осы өңірлерде түрлі себептермен ана мен бала өлімінің сандық көрсеткіші де жоғары болатындығымен түсіндіріліп отыр», дейді аталған басылым.