Maqsut Narikbayev University студенттері Өзбекстанда тәжірибе алмасады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Maqsut Narikbayev University (MNU) студенттерінің тарихи танымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған «Жібек жолы ізімен» жобасы негізінде білім алушылар Өзбекстанға экскурсияға келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Осыдан бірінеше жыл бұрын аталған оқу орнының бастамасымен қолға алынған «Жібек жолы ізімен» жобасы аясында студенттер еліміздің Тараз, Шымкент, Түркістан сияқты көне шаһарларына саяхат ұйымдастырған. Биыл мұндай танымдық іс-шара Өзбекстанда жалғасын тауып отыр.
Аталған жобаның мақсаты – тәжірибе алмасу, студенттердің университет қабырғасында тарих пәні бойынша алған теориялық білімін көне қалаларға экскурсия ұйымдастыру арқылы санасына сіңіру.
Қазақ жастарының Ташкенттегі сапары мемлекеттік заң университетінен басталды. Оқу орны орналасқан ғимарат өткен ғасырлардың куәсі іспетті. Бір кездері бұл нысан ерлер гимназиясы болған, онда Мұстафа Шоқай тәлім алған.
«Кейінгі 10 жыл ішінде студенттерімізді Қазақстанның көптеген тарихи жерлеріне алып бардық. Мәселен, батыста Бекет ата кесенесі, Бозжыра, Шерқала, шығыста - петроглифтер мен Берел қорғаны. Оңтүстікте де көне тарихи мекендер бар. Мұның бәрі студенттердің қалыпты дәрісіне өзгешелік енгізеді. Тек теорияға сенім артпай, танымдық бағытта білім бергенді жөн санадық. Енді міне ежелгі Жібек жолының ізімен Өзбекстанның қалаларына да келіп отырмыз. Жалпы, бұл сапарымызға Өзбекстанның Қазақстандағы Елшілігі ұйытқы болды», - деді MNU профессоры Лепуда Мұқатаева.
Енді жастар Ташкент пен Самарқандағы тарихи орындарға саяхатқа аттанады. Қазақстандық студенттер алдағы күндері қазақ пен өзбектің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін көне нысандарды аралап, бабалар мұрасымен танысады.
«Осы экскурсияға қатысу үшін жүздеген адам сайт арқылы арнайы анықтама толтырып, өтініш білдірді. Соның ішінен 35 адам іріктеліп, Өзбекстанға келді. Осы студенттердің қатарында тарихи орындарға жасалатын саяхатқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. Экскурсия барысында көптеген деректермен танысып, тарихи мекендерді көзбен көріп жатырмыз», - деді MNU студенті Әмина Қадырбаева.
Тоқтала кетейік, Мaqsut Narikbayev University мен Ташкент мемлекеттік заң университетінің арасында келісім бар, оған сай, қос диплом бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осындай бағыт бойынша білім алған түлектердің алғашқы легі биыл диплом алмақ.